«Үлкен жетілік» Ресейге ертең тағы да санкция жарияламақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Үлкен жетілік» Ресейге ертең тағы да санкция жарияламақ

27.06.2022

«Үлкен жетілік» Ресейге ертең тағы да санкция жариялап, оның мұнайының бағасын шектеп, алтынын импорттауға тыйым салмақ. Сонымен қатар, тағы жүздеген ресейлік шенеунік пен осы елдің әскери өнеркәсібі де санкцияға алынады. Бұл туралы бүгін «Рейтер» агенттігі хабарлады. Әлемнің ең дамыған мемлекеттері басшыларының кезекті саммиті Германияның оңтүстігіндегі Эльмау сарайында өтіп жатыр. Оның күн тәртібінде тұрған басты мәселе - Украинадағы қарулы қақтығыс және одан туындаған жаһандық азық-түлік дағдарысы. «Блумберг» агенттігінің хабарлауынша, «Жетілік» Украинаға Ресей басқыншылығынан қорғану үшін шексіз қолдау көрсетуге міндеттеледі. Бұған қоса, олар Ресейден келетін импортқа салынатын бажды Киевке көмек ретінде пайдалану жағын талқылап жатыр. Тағы бір мәлімет. «Үлкен жетілік» лидерлері дамушы елдер үшін ауқымды инвестициялық бағдарлама жасауға уәде берді. Оның түпкі мақсаты - Қытайдың «Белдеу және жол» жобасына балама табу арқылы Бейжіңнің әлемге ықпалына қарсы тұру.

Арыстан Рысбек, Арай Төлеген

Хабарламаларға жазылу