Жамбыл облысында 2025 жылға дейін 65 медпункт ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында 2025 жылға дейін 65 медпункт ашылады

25.06.2022

Жамбыл облысында 2025 жылға дейін 65 медпункт ашылады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өңірге сапарында айтты.

Еліміздің бас дәрігері аймақтағы медицина сапасын бақылып, бірқатар ауруханаларға барды. Тұрғындармен тілдесіп, ұсыныстарын тыңдады.

Министр алдымен Талас ауданындағы «Үздік тәжірибелер» орталығының ашылу салтанатына қатысты. Бұдан бөлек, Меркі аудандық ауруханасының жағдайын көріп, тұрғындарға жеке қабылдау өткізді. Ауыл азаматтарына денсаулық сақтау жүйесінің бірінші міндеті - медициналық көмектің бастапқы деңгейінде профилактиканы күшейту маңызды екенін түсіндірді.

Өңірдегі өзге де бірқатар медициналық нысандарды аралаған соң, баспасөз алаңында жиын өткізді. Министрдің айтуынша, Жамбыл облысында соңғы жылдары ана өлімі төмендеп, бала туу көрсеткіші 4 пайызға артқан. Сондай-ақ елімізде қашықтан алты жарым миллион медициналық қызмет көрсетілсе, оның 1 миллионнан астамын ауыл тұрғындары пайдаланыпты.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Облыстық бюджеттен болсын, қалалық бюджеттен болсын, дәрігерлер үшін қаражатты қайта қарау қажет. Өйткені халықтың денсаулығын қамтамасыз ету – осы басшылардың бірден бір міндеті.

Хабарламаларға жазылу