2025 жылға дейін Жетісу облысында 15 дәрігерлік амбулатория салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2025 жылға дейін Жетісу облысында 15 дәрігерлік амбулатория салынады

28.09.2022

Денсаулық сақтау саласын жаңғырту жобасы аясында 2025 жылға дейін Жетісу облысында 15 дәрігерлік амбулатория салынады. Мұнан бөлек, 39 фельдшерлік-акушерлік және 5 медициналық пункт салу жоспарланған. Кей ауылдарда құрылыс басталып кетті. Бір ерекшелігі емдеу мекемелері жаңа әдіспен жылдам салынады. Әрі арзан, әрі сапалы құрылыс жайында тілші тарқатсын.

Алакөл ауданы Еңбекші ауылындағы медициналық пункт 20 күнде салынып бітеді. Блокты-модульді ғимараттың алдымен темір қаңқасы тұрғызылады. Одан кейін қабырғалары жылу сақтайтын материалмен қапталады. Ауданда дәл осындай екі пункт салынып жатыр.

Еркебұлан Әділхан, құрылысшы:
  Қолайлы әрі арзан. Сендвич панельдермен қапталады. Ішінде 12 бөлме болады. Алматы облысының бәрінде осындай бір проектімен салынып жатыр. Қазір бізе жұмыс істеп жатқан 15 шақты адам бар.

Аудан орталығынан 30 шақырым қашықта орналасқан ауыл үшін медициналық пункт ауадай қажет. Мұндағы емдеу мекемесі бірнеше жыл бұрын өртеніп кеткен. Халық медициналық қызметке жүгіну үшін Үшарал қаласына баратын. Ал Еңбекшіде екі мыңға жуық тұрғын бар.

 Нұржау Тайкина, ауыл тұрғыны:
  Салынып жатқан емханаға ауыл болып ризашылығымызды білдіреміз. Себебі ауыл тұрғындарының отбасылық жағдайларына қарай, тіршіліктеріне қарай ауданға, облысқа сабылмай-ақ ауыл ішінде емделіп ем алып жатса, бірінші байлық денсаулық дейді, адамға денсаулық өте қажет.

Дәл осындай модульді ғимарат Жетісу облысының өзге де аудандарында салынып жатыр. Жалпы алдағы екі жылда өңірде елуге жуық емдеу мекемесін жаңарту көзделген.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу