Жер аманаты: 140 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жер аманаты: 140 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды

22.06.2022

Қарағанды, Жамбыл және Түркістан облыстарында 140 мың гектардан астам жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл «Amanat» партиясының бастамасымен жүзеге асып отыр. Бүгін саяси құрылым жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясының отырысы өтіп, алда атқарылар жұмыстар пысықталды.

Бос жатқан жайылым жерлерді қайтарып, оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді ету керек. Бұл - Президент тапсырмасы. «Amanat» партиясы жұмысқа шұғыл кірісті. Ауылдағы ағайынмен кездесулер өткізіп, мәселелеріне құлақ түрді.

Айдар Иманбаев, Түймекент ауылының тұрғыны:

«Ауыл тұрғындарымен жиналыс жасады. Жайылым жердің тапшылығы өте қатты сезіле бастады. Негізі осы мәселемен келген екен ол кісілер. Ауыл тұрғындарымен кездесіп, осы жайылым мәселесін шешеміз деп, үлкен үміт сыйлап кетті бізге».

Қысқа уақытта Қарағанды, Жамбыл, Түркістан облыстарында 140 мыңнан астам жайылымдық жер мемлекетке қайтарылды. Осылайша жыр болған жайылым мәселесі біртіндеп оң шешімін тауып жатыр. Бұл ең алдымен төрт түліктің төлін баққандар үшін үлкен қолдау. Ауылдың көсегесін көгертем дегендерге мүмкіндік.

Зарлық Мақсұтов, Қарой ауылының тұрғыны:

Нұра ауданында 80 мың гектар жайылымға қайтарылып отыр. Бұл өте жақсы. Біздің ауыл бойынша 4 мың гектар жер халықтың малына жайылым ретінде қайтарылды. Сондықтан біз шын жүректен рахметімізді айтамыз».

«Жер аманаты» комиссиясына Мәжіліс депутаттары, Бас прокуратура, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, бірқатар қоғам қайраткері мен блогерлер мүше. Атқарылар іс көп. Барлығы заң аясында жүзеге асырылады. Жер игілігін көрем дегенге беріледі.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, комиссия мүшесі:

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев заңсыз иеленіп отырған 5 млн гектар жерді қайтару жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Әлеуметтік әділеттілік принциптері «AmanatT» партяисы үшін ол – жерді халыққа қайтарып беру. Бүгінгі таңда комиссияның ең негізгі мінждеті мен мақсаты осында».

Партия 17 өңірде аумақтық комиссия құруды жоспарлап отыр. Тұрғындар тарапынан шағымдар қабылданады. Қазір жер мәселесіне қатысты 19 қылмыстық іс қозғалған. Комиссия мүшелері оларға да қатаң бақылау жүргізбекші. Сонымен қатар, кезінде жерді заңсыз беріп жіберген әкімдерге де жаза қатаңдатылмақ.

Дәулет Кәрібек, «Amanat» партиясының хатшысы, «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы:

«Жер – елге аманат, Ел – ерге аманат» деген ұғым бар. Осы себепті жер мәселесін шешетін уақыт жетті. Біз алдағы уақытта бүкіл аймақтарға шығамыз. Ол аймақтарға қалай шығамыз? Бізге түскен арыздар, талаптар, тілектер бойынша».

Жер және оның қойнауы, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер – ырыс көзі. Асыл мұра. Оның үстіне жері байдың - елі бай. Сондықтан бұдан былай оның игілігін халық көреді. Малын бағады, жерін баптайды. Бұл ретте аманаттықтар қарап қалмаймыз деп бекініп отыр.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу