Тергеу: «Қаңтар оқиғасына» қатысты жаңа деректер жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тергеу: «Қаңтар оқиғасына» қатысты жаңа деректер жарияланды

20.06.2022

Күдіктілерге үтік басып, азаптаған полициейлер өз кінәларын мойындап жатыр. Осы қылмысқа қатысты 5 тәртіп сақшысы ұсталды. «Қаңтар оқиғасына» байланысты бас прокуратура мен ІІМ-і бүгін жаңа деректерді жариялады. Бір мезетте бірнеше қаланың астан-кестеңін шығарғандардың алды сотталды.

Алматыны талқандап, бірнеше қалада қатар ойқастап, төңкеріс жасаудың түрлі амалына барғандардың бәрі алдын ала жоспарланған. Қаңтар қырғынын 27 адам ұйымдастырған. Солардың ішінде «Дикий Арманның» қылмыстық тобы бар. Сыбайластарымен бірге ол қанды жоспар құрған. «Қазақстан» конақүйіне орналасқан қаскөйлерге тапаншаның түр-түрін таратып, «мұздай» қаруландырған да, қалай әрекет етіп, қайда оқ жаудыру керектігін көрсетіп жіберген.

Cерік Шалабаев, Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің бастығы:

Олар серіктестерін 10 адамнан тұратын топтарға бөліп, жоспарланған қылмыстарындағы рөлдерін анықтады. Іштерінен «басшылары» тағайындалып, оларға бронежилеттер, бастарына арналған қорғаныс құралдары, атыс қаруы және 200 мың теңге ақша қаражатары берілді. Ерекше белгі ретінде барлық қатысушылардың сырт киімінің жеңіне ақ мата таққан. Дене жарақатын келтіру нәтижесінде жәбірленушілердің бірі қайтыс болды.

Осы іске қатысты 40 күдікті қамауда. Қалғаны әлі қашып жүр. «Ет бұзылса тұз себерсің, тұз бұзылса не себерсің». Ұлттың қауіпсіздігіне жауаптылар мен ел тыныштығын күзетуі тиіс күштік құрылымдарының кей басшылары да «қой терісін жамылыпты». Бірнеше өңірдегі департаментті қызметтік атыс қарулармен бірге тастап кеткен. Оларға қатысты 9 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Сонымен, қазір 514 күдікті қамауда. 433 адам сотталды. Резонанс тудырған 8 істі арнайы прокурорлар тергеп, тексеріп жатыр. Оның ішінде азаптауға қатысты тараған ақпар аз емес. Қызып тұрған үтікті басып қорлағандардың саны да белгілі. 25 адам жәбір көрген. Оны 5 полицей жасаған. Үшеуі кінәларын мойындады.

Cерік Шалабаев, Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің бастығы:

Алматы облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Департаментінің екі қызметкеріне қатысты тергеу әрекеттерін аяқтадық. Олар ұсталған адамды ұрып-соғып, нәтижесінде оның өліміне әкеп соғуы бойынша күдіктелуде.

Бірақ жәбірленушілер кімдердің азаптағанын әлі де айта алмай отыр. Өйткені, бәрі бетперде киіп алыпты. Оның үстіне оқиға кезінде бейнебақылау камераларының көбі бүлінген. Сондықтан бейнежазба да жоқ. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 3 мың қару ұрланған болатын. Қазір оның біразы табылды. Бірақ, ауқымды арсенал әлі қылмыскерлердің қолында. 2 мыңнан астам қару-жарақ табылған жоқ.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы:

Оның ішінде 30 граната атқыш, 2 оқ атқыш, 122 автомат пен 379 тапанша қалуда, бұл дегеніміз – үлкен қауіп, өйткені қылмыскерлер кез келген уақытта оны бейбіт азаматтарға қарсы пайдалана алады.осы бағыттағы жұмыс жалғасуда және министрліктің ерекше бақылауында.

Содырлармен бірге, кей тұрғындар да дүниені қиратып, тонап, жығылғанға жұдырық болған еді. Қылмыстың үлкен-кішісі болмайды. Соңы жаза. Олар да заң аясында жазаларын арқалап жатыр.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу