Алматыдағы атыс: Жаңа деректер жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы атыс: Жаңа деректер жарияланды

21.09.2021

Алматыдағы қанды оқиғаға байланысты жаңа деректер шықты. Жер үйді босату туралы қаулыны орындауға барған 5 адамнан бөлек, үйдің жаңа иесінің қарындасы да сол жерде болған. Алайда, ол аулаға кірмегендіктен, аман қалды. Сондай-ақ, атыстан көз жұмған бесінші адам да мүліктің жаңа иесінің танысы болып шықты. Аталған азамат ол үйге не үшін барған? Оқиға орнында не болып жатыр? Тілші Нұрхан Нұрланұлы толықтырсын.

Бес адамға оқ атқан тұрғын, яғни мүліктің бұрынғы иесі бірнеше жыл бұрын үйін банкке кепілге қойып, несие алған. Алайда, қарызын төлей алмағандықтан, мүлік өзге адамға сатылған. Осылайша, мамандар қаулыны үйдің бұрынғы иесіне таныстырғанда, күдікті үйінен мылтығын алып, бірнеше рет оқ жаудырған.

Рустам Әбдірахманов, қалалық ІІД басшысының орынбасары: 
Біз оқ атқан адамға қарсы қару қолданған жоқпыз. Себебі, сол сәтте үй ішінде әйел адам мен кәмелет жасқа толмаған балалар болды. Дегенмен, күдікті кейін өз еркімен берілді. Ал оны ұстау операциясына арнайы жасақ өкілдері жұмылдырылды.

Куәгерлер бір-ақ минуттың ішінде сол маңай астан-кестен болғанын айтты. Шамамен 7-8 рет оқ атылған. Артынша, қатты дауыстар мен күдіктінің бұл жерден кетіңдер деп дауыс көтергені естілген.

Рухметулла Аймұратов, жергілікті тұрғын: 
Мұнда 17:30-дар шамасында келдім. Немерелерім осындай жағдай болғанын айтты. Бірақ, мен жетем дегенше полицейлер аумақты түгел қоршау алған. Олар күдікті әлі үйдің ішінде екендігін айтып, ешкімді өткізбеді.

Атыстан көз жұмған бесінші азамат таласқа түскен үйдің жаңа иесінің танысы болып шықты. Ол күдіктінің үйіне куәгер ретінде барған. Ал қаза тапқан 5 азаматқа әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетіледі. Ажал құшқан полицейлердің отбасына пәтер беріледі. Бүгін олардың жақындарына ішкі істер министрінің орынбасары арнайы барып, көңіл айтты. Тәртіп сақшыларының бірінің артында кәмелетке толмаған 5 баласы қалған. Екі қызметкер де жұмысын адал атқарды дейді әріптестері.

Қанат Тәймерденов, қалалық ІІД басшысының орынбасары: 
Ешқандай жұмыста тәртіп бұзушылық болған жоқ. 17 рет осы кісілер марапатталды. Фейсбук желісінде осылардың қызметіне оң баға берілді.

Қалалық полиция департаменті басшысының айтуынша, 54 жастағы ер адам аңшылыққа арналған мылтықпен оқ атқан. Қару оның атына 2008 жылы тіркелген. Күдікті психикалық орталықтарда тіркелмеген және бұрын-соңды істі болмаған. Ал кешегі оқиғаға қатысты екі қылмыстық іс қозғалды. Тергеу органдары одан жауап алып жатыр. Естеріңізге салайық, кеше 17:00 шамасында Ақбұлақ ауданында жер үйді босату туралы қаулыны орындауға барғандарға үй иесі оқ атып, екі полицей, бір сот орындаушы және үйдің жаңа иесі мен бір куәгер қаза тапқан.

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу