Украина: Батыстың бірқатар ірі саясаткері Украинаға сапар шекті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина: Батыстың бірқатар ірі саясаткері Украинаға сапар шекті

19.06.2022

Украинаға тоқталсақ. Киев Еуропа Одағына мүше болуға кандидат мәртебесін алуы мүмкін. Бұл мәселе келесі аптада Брюссельде өтетін саммиттің басты тақырыбы болмақ. Осы аптада Франция, Германия мен Италия лидерлері Украинаға барып, қолдауды күшейтуге уәде берді. Ресми Мәскеу Батыстың Киевке қару беруі жанжалды өршіте түседі деп мәлімдеді. НАТО болса, қарулы қақтығыстың ұзаққа созылатынына дайын болуды ескертіп отыр. 

Осы аптада Батыстың бірқатар ірі саясаткері Украинаға сапар шекті. Франция, Германия мен Италия лидерлері Киевке қолдауды арттыруға уәде берді. Сонымен бірге олар елдің Еуроодаққа қосылуға кандидат болуын құптайтынын мәлімдеді. Мұндай мәртебе Украина мен Молдоваға Еуропалық Кеңестің келесі аптада өтетін саммитінде берілуі мүмкін. Айта кетсек, Ресей басып кіргеннен кейін Киев аталған блокқа қосылуға өтінім берген еді.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

"Украиналықтар, ел қорғаушылары! Біз Еуроодаққа толықтай қосылуға бір қадам жақындадық. Еурокомиссия бізге кандидат мәртебесін беруге ұсыныс жасады. Менің ойымша, шешімнің оң болуы үшін Украина қолдан келгеннің бәрін жасады"

Бельгия

Ал, НАТО-ның Қорғаныс министрлері Брюссельде бас қосып, Украинаға қосымша әскери көмек беру мәселесін талқылады. Киев серіктестерінен Ресейдің шабуылына қарсы тұру үшін тезірек қуатты қару-жарақ беруін сұраған еді. Әскери альянс ай соңында Мадридте саммит өткізіп, нақты шешімін жарияламақ. НАТО-ның болжамынша, Украина мен Ресей арасындағы қарулы қақтығыс ұзаққа созылуы мүмкін. Солтүстікатлантикалық альянс басшының сөзінше, Украина әскерилеріне елді азат етуге көмектесу үшін заманауи қару беру қажет.

Украина

Осы аптада Киевке сапар шеккен Британия премьері-министрі Борис Джонсон да Украина жеңгенге дейін ұзақ соғысқа дайындалуға үндеді

Борис Джонсон, Ұлыбритания Премьер-Министрі:

"Украинаға көмек беру үшін дипломатиялық коалицияны нығайтуды, әскери қолдау көрсетуді де жалғастырамыз. Путиннің режиміне қарсы санкциялар күшейе түседі".
Ресей

Мәскеу болса, Батыс елдері Украинаға қару беру арқылы жанжалдың созылуына ықпал етіп отыр деп мәлімдеді. Ал Ресей президенті Владимир Путиннің сөзінше, "әскери операция" аяқталғаннан кейін Украинамен арадағы қатынастар қайта қалпына келеді.

Владимир Путин, ресей Федерациясының Президенті:

"Украина халқы талантты. Әлеуеті үлкен. Біз көршілеріміздің гүлденгенін қалаймыз. Анық айтқым келеді. Ерте ме, кеш пе қарым-қатынастар жақсарады".

Украина

Британия барлаушылары кезекті деректерін бөлісті. Бұл ақпаратқа сай, Ресей мен Украина әскерилерінің жауынгерлік рухы әлсірегені байқалады. Украина армиясында дезертирлік оқиғалары тіркелген. Ал Ресей жағында түгелдей бір бөлімше болып, қарулы қақтығыстарға қатысудан бас тартқан жағдайлар да болған. Екі тараптың күштері әсіресе Северодонецкіде ұзаққа созылған ұрыстан қажыса керек. Қала үшін қиянкескі шайқас бірнеше апта бойы толастамай жатыр. БҰҰ-ның дерегінше, қарулы қақтығыс басталғалы Украинадан 7 млн 500 мың адам кеткен 4500 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Қақтығысушы екі тараптан да оққа ұшқан жауынгерлер мыңдап саналады.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу