Алматылық дәрігерлер күрделі тері трансплантациясын сәтті жасап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық дәрігерлер күрделі тері трансплантациясын сәтті жасап жүр

17.06.2022

Алматылық дәрігерлер күрделі тері трансплантациясын сәтті жасап жүр. Күйік шалған, жұлын аймағының жүйке талшықтары зақымданған балаларға бірегей операциялар жасалады. Озық тәжірибенің енгізілгеніне бір жылдан асқан. Мамандар осы уақыт аралығында 7 ота жасап, бүлдіршіндерге жаңа өмір сыйлады. Дәрігерлердің жанқиярлық ерлігі мен ерен еңбегі туралы Фариза Мұсақызы баяндайды.

Нұрлан Тілешәлиевтің осыдан 10 күн бұрын егізі дүниеге келді. Қос ұл. Қасымның жағдай жақсы болғасын үйге шығарылған. Ал Хәкім отадан кейін жансақтау бөлімінде жатыр. Шақалақтың жұлын үстіндегі терісі ашылып, жүйке талшықтары зақымданған.

Нұрлан Тілешәлиев, Хәкімнің әкесі:

Басында бәріміз қорықтық шыны керек. Ұйықтамадық та, жата алмадық та. Ота күрделі болды деді. Осы жеті шығарамыз деді. Өте қуаныштымыз. Медицина қызметкерлеріне алғысым шексіз.

Дәрігерлер мұндай жағдай әйелдердің 2 ай жүктілігі кезінде инфекция жұқтыруынан болады дейді. Кішкентай Хәкімге трансплантация арқылы жаңа тері салып, бірегей операция жасаған дәрігер - Раджа Жұмаділдаев. Тәжірибелі маман 30 жылдан бері балалар травмотологы, трансплантолог болып қызмет атқарады.

Раджа Жұмаділдаев, Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы күйік бөлімшесінің меңгерушісі:

Бала туылғаннан кейін үшінші күні отаға алдық. Ота өте сәтті өтті. Бір айдың ішінде бір-екі бала бізге түсіп тұрады. Егер тері жабысып, бағанағы жердің жаралары жазылған кезде ол нәресте ертең үйіне шығады. Бұрындағыдай көп уақыт ауруханада жатпайды.

Бөлімшеде денесін күйік шалып, ем алып жатқан балалар да көп. Ең қиыны - химиялық күйік. Жыл сайын 3 жасқа дейінгі 30-35 сәби тұрмыстық қоспаларды ішіп қойып немесе үстіне төгіп алып, осы орталыққа жеткізіледі.

Гүлшат Дүйсекеева, Жұмадолланың анасы:

Балам он айлығында күйіп қалған. Қазір екі жарымда. Біз операцияға келдік, шүкір, Раджи Сәрсенбаевичке рахмет айтамыз. Қолы жұмулы тұрған біз келгенде. Қазір бүйтіп ашып берді. Сосын арасын ашып берді.

Өлім аузындағы балаларды ажалдан арашалау - маман ретіндегі қасиетті борышым. Осылай деген дәрігер Раджа Жұмаділдаев күн сайын күрделі операциялар жасап, ерлікке пара-пар еңбек етеді. Ал оның бағасы - құлан таза айыққан әр сәбидің күлкісі.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу