Президент: Жезқазған тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Жезқазған тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту қажет

16.06.2022

Жезқазған тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту қажет. Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барған Президент осылай деді. Аймақта халықты ауыз сумен қамту мәселесі әлі шешілген жоқ. Енді Үйтас – Айдос су құбырының құрылысы 2025 жылы аяқталады. 

Қарағандыдан 520 шақырымда жатқан Жезқазған қаласы енді жаңадан құрылған Ұлытау облысының орталығы. Дербес облыс аймақтағы ағайынға жаңа үміт берді. Халық талай жылдан бері шешімін таппаған маңызды проблемалар енді ескерілер деп сенеді.

Себебі 25 жыл бұрын облыс орталығы мәртебесінен айырылған аймақтың қазіргі ахуалы мәз емес. Мына екі мұржадан мыс балқыту зауыты мен жылу электр орталығының күкірті пен азот диоксиді көп мөлшерде ауаға тарайды. Өндірістік қуаты артқанымен, өңірдің экологиясы нашар, ауыз су мәселесі әлі өзекті, жолдардың сапасы жақсара қоймады.

Ырзағали Нүрпейісов, қала тұрғыны:

Оңтүстік жақтан, басқа жақтан азық-түлік келіп жатыр. Қатынас көп. Бірақ проблема жол. Жолды жөндесе, ұзын, кіші автобустар жүрер еді. Азық-түлік арзандауы да мүмкін.

Жезқазғанда шамамен 91 мыңға жуық тұрғын бар. Ширек ғасырда өңірден өзге аймаққа көшіп кеткендер көбейген. Қаладағы тұрғын үйлердің 33 пайызы ескірген, апатты жағдайда тұр. Енді үйлерді жаңарту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Биыл және келер жылы қаланың жаңа ауданында көп қабатты 20 тұрғын үй салынады.

Берік Әбдіғали, Ұлытау облысының әкімі:

Құрылыс материалдары тапшы. Кірпіш шықпайды. Арнайы экономикалық аймақ құруды сұрайық деп едік. Металлургияға байланысты, ауылшаруашылығы өнімдері. Ет комбинаты жоқ бізде. Сүт зауыты жоқ. Экономикалық аймақ құрсақ, онда инвесторларды тартуға көмек болады.

Мемлекет басшысы алдымен халықтың тұрмыс сапасын жақсарту керегін ескертті. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдігіне жол мәселесіне, экологияға, білім саласын дамытуға күш салуды тапсырды. Ал бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысынан «Қазақмыс» биыл 25,4 миллиард теңге бөлген. Бірақ өңірдегі жұмыс үшін бұл жеткіліксіз. Президент қаржыны көбейту туралы ұсыныс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен мына мәселеге тоқталғым келеді. Облыс әкімінің өңірді дамыту туралы жоспарын тыңдадыңыздар. Әлеуметтік мәселелер шешімін табуға тиіс. «Қазақмыс» компаниясын осы іске белсенді түрде атсалысуға шақырамын. 25,4 миллиард теңге мұндай ауқымды жұмыстар үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Қаржыны ұлғайту мүмкіндігін қарастырған жөн. Әлеуметтік нысандардың құрылысына көмектесу қажет. Спорт ғимараттары керек. Жергілікті халық үлкен үміт артып отыр. Осы тұрғыдан алғанда қаладағы жағдайды жақсартуымыз керек. Әрине, мәдени нысандарға да ерекше көңіл бөлінуі қажет.

Өңір өндіріске байлаулы, шикізатқа тәуелді. Алайда сарқылмайтын қазына жоқ. Сондықтан экономиканы әртараптандыру қажет. Мысалы, сауда-логистикалық бағытты дамыту, құрылыс материалдары өндірісін арттырып, импортты алмастыруға болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен Жезқазғанның, облыстың ең көрікті өңір болатынына сенемін. Қала барлық жағынан тартымды болуы керек. Жұмыс өте көп. Бастысы халықтың тұрмыс сапасын жақсарту маңызды.

Ең бастысы – халықты таза ауыз сумен қамту. Президент бұл мәселені тез арада шешуді былтыр өңірге келгенде тапсырған. Енді Үйтас – Айдос су құбырының құрылысы 2025 жылы аяқталады. Ал Жезқазған қаласына Есқұла құбырымен су тарту 2023 жылы басталады. Әлеуметтік проблемалар да ескерусіз қалмайды. Келер жылы Жезқазғанда 200 балаға арналған интернат салынады. Қасым-Жомарт Тоқаев нысанды әртүрлі спортты қамтитын ғимарат етіп салуды ескертті.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу