Жетісу жаңашылдыққа бастаған жаңа аймақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу жаңашылдыққа бастаған жаңа аймақ

13.03.2023

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан бір жыл бұрын халыққа арнаған Жолдауында еліміздің әкімшілік-аймақтық құрылымын жетілдіру мәселесін көтерген. Одан кейінгі бір айда Қазақстан картасында жаңа үш аймақ пайда болды. Бұл Ұлытау мен Абай облыстарының әлсіреп қалған әлеуметтік-экономикалық жағдайын нығайтуға мүмкіндік берді. Ал Жетісу облысы Алматы агломерациясын реттеудегі маңызды шешім.

Жетісу облысы құрылып, Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына көшірілгенде әкім аппараты, басқармалар мен департаменттер толықтай Қапшағай жағасына бой түзеді. Жаңа аймаққа барлық жұмысты жаңадан бастауға тура келді. Құрамында 10 аудан мен екі қаласы бар өңірдің қазір мемлекеттік басқару жүйесі қалыпты жұмыс қарқынына көшті. 3,5 мыңға жуық мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Басшылық лауазымдарға да негізінен білікті де білімді жастар тағайындалды.

Ғабит Тұрсынбай, Жетісу облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі:

Кәсіпкерлік басқармасын Болашақ бағдарламасымен оқып келген түлек басқарып жатса, облыстық туризм басқармасын Президенттің кадрлық резервінен келген азамат басқарып жатыр.

Жаңа аймаққа Президент Жолдауында айтылған мемлекеттік қызметшілер санын оңтайландыру саясаты да қиынға түскен жоқ. Қазір керісінше 200-ден астам мемлекеттік қызметші лауазымы бос тұр.

Жаңадан құрылған облыстың жаңа мерзімді басылымдары да пайда болды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының айнасы ретінде «Вестник Жетісу» газетінің алғашқы саны биыл қаңтарда жарық көрді.

Хасан Еспанов «Вестник Жетісу» облыстық газетінің Бас редакторы:

Басылымның шығармашылық және техникалық құрамы толық қалыптасты. Негізінен Талдықорғанда қаламыз деп ұйғарған Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің тәжірбиелі тілшілері. Қазіргі таңда өңірдің әр саласындағы жаңалықтарды түрлі жанрмен оқырманға жеткізудеміз.

Бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде жаңа аймақ өзінің бағыт бағдарын айқындады. Аграрлы өңір өндіріске бет бұрды. Инвестицияны басым бөлігі қайта өңдеу саласына бағытталған.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу