Кәріз жүйесі: Тынысы тарылған тұрғындар көмек сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәріз жүйесі: Тынысы тарылған тұрғындар көмек сұрайды

10.06.2022

Ауылда тыныстау мүмкін емес. Күннің ыстығында есік-терезені аша алмай, қапырықтан қиналып жатырмыз. Алматы облысына қарасты Ұзынағаш елдімекенінің тұрғындары Ұлттық арнаға осындай базынасын жеткізді. Олар ауыл маңында орналасқан, кәріз қалдықтары төгілетін тоғаннан шыққан қоңсық иістен тұншығып отырмыз дейді.

Айдын Сегізбаев, ауыл тұрғыны:

Облыс осыған көңіл аударып ақша бөлсе екен. Мына жүйеге қол салу керек. Ұзынаған күнде үлкейіп жатыр. Көпқабатты үйлер салынып жатыр. Олар да осы кәріз жүйесіне қосылады. Одан қалды үйлер де жақын орналасқан. Иісін сезіп тұрған боларсыз.

Бұл сүзгі алаңдары сонау 1970 жылдары қазылған. Содан бері кеңейтілмеген. Бүгінде арнасынан тасып, маңайда басқа да көлшіктер пайда болуда. Тұрғындардың сөзінше, тоған маңы қоқыс полигонына айналған. Одан қалды мал өлексесі де осында тасталады. Сондықтан жел тұрса ауыл жұртының тынысы тарылады.

Бағлан Қажданбек, ауыл тұрғыны:

Иіс жаман келеді. Күндіз отыра алмаймыз үйде. Ауа жоқ болған терезе ашу керек. Иіс келеді. Орнын ауыстырса деген ойымыз бар. Басқа жерге көшірсе екен.

Ауыл тұрғындары күнара төрт-түлік те сол маңда жазым болатынын тілге тиек етті. Себебі, сүзгі алаңдарының аумағы қоршалмаған. Ал, аудан әкімдігі жаңа тоған салуға қатысты барлық құжат дайын екенін, қаржы бөлінсе ертең-ақ жұмысты бастайтынын айтып отыр.

Данияр Ибраимов, Жамбыл ауданы әкімдігінің бөлім басшысы:

Біз бұны Ұзынағаш ауылынан 30 шақырм жерге көшіріп, 130 гектарды қамтитын жерде орналасатын болады. Жобасы жасалып тұр. Сомасы 6,9 млрд теңгені құрап отыр. Бюджеттік өтінім берілді, қазір ақша бөлінсе, жұмысты бастаймыз. Ақша бөлінгенін күтіп отырмыз.

Ұзынағаш ауылында 730 үй мен 68 мемлекеттік нысан кәріз жүйесіне қосылған. Алдағы жылдары бұл тізім тағы 5000 аула мен 100-ге жуық әкімшілік ғимаратпен толықпақ. Сондықтан елдімекенге жаңа сүзгі алаңы ауадай қажет. Алайда жобаның нақты қашан іске асары әзірге белгісіз.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу