«Amanat» партиясы тұрғындармен 12 мыңнан астам кездесу өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Amanat» партиясы тұрғындармен 12 мыңнан астам кездесу өткізді

06.06.2022

Жалпыұлттық референдум аяқталды, енді әрі қарай қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр? Бүгін елде тіркелген саяси партиялар баспасөз жиынын өткізіп, осы және өзге де мәселелерді талқылады. Жиын барысында, «Жаңа» әрі «Әділетті Қазақстанды» құрудағы жоспарларымен бөлісті. Бастысы, қашан да халықтың мүддесі ескеріледі, делінді.

«Amanat» партиясы Президенттің жалпыұлттық референдум өткізу бастамасын қолдау мақсатында тұрғындармен 12 мыңнан астам кездесу өткізді. Саяси ұйым бүгін брифнг өткізіп, Конституциялық реформалардың маңызын түсіндіру кезіндегі үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесін жариялады. Жалпы, партия жанынан республикалық және аймақтық 200-ден астам штаб құрылған. Ондағы азаматтар 6 мамырдан 3 маусымға дейін қалалар мен ауыл-аймақтың тұрғындарымен кездескен. Осы кезеңде оларға халықтан 20 мыңға жуық талап-тілек пен ұсыныс түсіпті. Парламент депутаттары халықпен тілдесу кезінде 1 200-ден астам елді мекенде болған.

Асхат Оралов, «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы:

Барлық кездесулер еркін, ашық форматта жасалды. Біз олардың санына емес, сапасына мән бердік. Конституциялық өзгерістерді халыққа түсінікті тілмен жеткізуге тырыстық. Кеше азаматтар өз таңдауын жасап, елдің болашақ даму жолына қатысты шешім қабылдады. Осы арқылы еліміз Жаңа Қазақстанның іргетасын қалады. Алда көп жұмыс, үлкен міндеттер тұр.

Референдумның нәтижесі бойынша Ата заңның 33 бабына 56 өзгерістер мен түзетулер енгізіліп, 2 бөлімнің атауы жаңарады, "Ауыл" партиясы қоғам үшін маңызды мәселелерге ұсыныстарды дайындап, барлық қоғамдық талқылауларға қатысатын болады. Партия төрағасы Әли Бектаев осыны жеткізді. Саяси партияларға қатысты заң жобасынан бастап, халықты әлеуметтік қорғау мәселелеріне дейін заңдарға партия тарапынан құрылған жұмысшы топтар тікелей атсалысады. Сонымен қатар сайлау мен партия туралы заңдарға да өз ұсыныс пікірлерін жолдайды.

Әли Бектаев, "Ауыл" Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы:

Құрылған партиялардың тек қана мысалы үшін санының көлемі ғана ескерілуі керек біздің ойымызша. Сол партия мүшелерінің барлық өңірлерде, одан кейін аудандарда болуы ескеруі керек деген мәселені біз атқымыз келеді. Себебі, енді жалпы бір 20 мың адамды таңдап ала салып, болмаса әр өңірдегі 200-300 адамды жинап ала салып құруға болады. Бірақ оның әр ауданда өкілі бар болуы, ол ертең халықпен қалай жұмыс істейді, ертең болатын мәслихат сайлауларына қалай қатысады деген мәселелер ескерілуі керек.

Учаскелерде дауыс беру барысының 25 процентін «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері бақылады. Жалпыұлттық референдумның нәтижелері жөнінде мәлімдеме жасаған партия төрағасы Азат Перуашев саяси шара барысында ашық әрі демократиялық үрдістер сақталғанын айтты.

Азат Перуашев, «Ақ жол» Демократиялық партиясының төрағасы:

2022 жылы 5 маусымда Қазақстан халқы жол ашқан мүмкіндіктердің іс жүзінде жүзеге асуы әрқайсысымызға тікелей байланысты. Барлық азаматтарды, кәсіпкерлер мен шенеуніктерді, жастар мен зейнеткерлерді, жұмысшылар мен шаруагерлерді, түрлі ұлттар мен дін өкілдерін шын мәнінде жаңа, әділ Қазақстан құруға шақырамыз.

«Референдум нәтижесі –Халықтың жеңісі», - дейді Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев. Бұл сайлау тек – Конституцияға өзгерту енгізумен ғана шектелмей, қазақстандықтардың Президентке деген сенімін көрсетті деген пайымда. Ендігі кезек өзгертілген баптардың халық мүддесі үшін заң жүзінде де, іс жүзінде де жүзеге асуы.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу