Шығыстағы «Алтын адам» табылған Шілікті маңындағы қорғандарды тонайтындар көбейіп кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыстағы «Алтын адам» табылған Шілікті маңындағы қорғандарды тонайтындар көбейіп кеткен

30.05.2022

Шығыстағы «Алтын адам» табылған Шілікті маңындағы қорғандарды тонайтындар көбейіп кеткен. Сақ дәуіріндегі көне бейіттерді аяусыз бүлдіретіндерге полиция да тосқауыл емес. Өйткені, осыған дейін жергілікті тұрғындар құқық қорғаушыларға бірнеше рет жүгінген.

Ержан Жақып, тілші:

Жергілікті тұрғындардың айтуынша мына бір қорымды жақында ғана алтын іздеушілер қопарып кеткен. Табыттың ағаштарын сыртқа лақтырып тастаған. Тіпті айналада адам сүйегінің бөлішектерін де көруге болады.

Бұл - Ақжар ауылының іргесіндегі сақ қорғандары. Мерей Бұқаев жақында олардың қопарылып жатқанын көріп, дабыл қаққан. Алтын үшін тарихи құндылықтарды талқандаудан аянбайтындарға тосқауыл керек, дейді.

Мерей Бұқаев, Ақжар ауылының тұрғыны:

Өте өкінішті. Менің ойымша сол, мемлекеттің қамқорлығына аланғаны дұрыс осы жерлер. Қорымдар. Сонан кейін археологтар қазба жұмыстарын жүргізгені дұрыс болады. Мысалы жергілікті халық мынандай қазуы мүмкін емес. Байлық іздеп, алтын іздегендер ғой.

Алтын іздеушілер ашып тастаған қорғандардың дені б.з.д 5-7 ғасырларға жатады. Қазылғандарынан қандай құнды заттардың қолды болып жатқаны белгісіз . Анықтап қараса, адам сүйектеріне дейін шашылып қалған. Біздің түсірілім тобының өзі 3 бірдей жаңадан қазылған көне бейітті тапты. Ал қаншасы осындай күйде? Белгісіз.

Нұрлыбек Мұхтарбеков, тарихшы:

Енді мына үлкендері патша адамдарға салған дейді. Олардың ішінде алтындар да көп кездеседі. Қазған адамдарды мүмкін сол қызықтыратын шығар. Б.з.б 5-6 ғасырларға жататын алтындарды енді қалай өткізіп жүр? Енді ол жағы бізге беймәлім.

Құқық қорғаушылардан қайран болмаған соң жергілікті тұрғындар аңдып жүріп, алтын іздегендерді жақында өздері қолға түсірген. Олардың Өскеменнен келгені анықталды. Көліктерінен метал іздейтін құрылығы, жер қазатын құралдар, оған қоса алтын табылған. Әзірге оның қайдан алынғаны белгісіз.

Тәртіп сақшылары соңғы фактіге қатысты «Тиiстi тiркеусiз кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу» бабы бойынша хаттама толтырған. Алайда, жергілікті тұрғындар ұсталғандардың жазаланатынына күмәнмен қарап отыр. Өйткені, осыған дейін ұқсас оқиғалар жылы жабылған күйінде қалыпты. Салдарынан, тарихқа қиянат жасайтындарға тоқтау болмай тұр.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу