Еліміздің кей өңірлерінде сауда орталықтары шекер саудасына шектеу қойған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің кей өңірлерінде сауда орталықтары шекер саудасына шектеу қойған

29.05.2022

Осы аптада тағы қантқа талас болды. Еліміздің кей өңірлерінде сауда орталықтары шекер саудасына шектеу қойған. Кейбір дүкендерде бір қолға екі келіден артық сатылмаса, енді бірінде қант атымен жоқ, не құны шарықтап кеткен. Қантқа қатысты проблема Павлодар, Орал, Атырау, Ақтөбеде туындаған.

Бірақ ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазақстанда қант тапшылығы жоқ» деп мәлімдеп отыр. Ведомствоның сайтында «Республикада қант қоры шамамен 67 мың тоннаны құрайды. Қант өндірісі үздіксіз жүзеге асырылып жатыр. Қазақстанның тұрақтандыру қорлары, сауда нысандары мен республиканың қоймаларындағы қант қоры шамамен 31 мың тоннаны құрайды. Бұдан бөлек, зауыттарда өңдеуге арналған 36 мың тонна құрғақ қант шикізаты бар. Жолда қосымша 16 мың тонна қант шикізаты бар. Биыл мамыр айында барлығы 30 мың тоннадан астам жүк тиелді, маусым айында 44,8 мың тонна қант жөнелту жоспарланып отыр», - делінген. Атап өтерлігі, Қазақстан қанттың 65 пайызын сырттан әкеледі. Былтыр елге 500 мың тоннадай шекер шеттен әкелінсе, оның жартысынан астамы, дәлірек айтсақ, 276 мың тоннасы Ресейден. Солтүстіктегі көршіміз Еуразиялық экономикалық одақтан тыс елдерге қант экспорттауға тыйым салған еді. Қазақстанға тамыздың соңына дейін Ресейден кедендік баж салығынсыз 250 мың тонна қант әкелуге мүмкіндік берілген.


Хабарламаларға жазылу