31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

29.05.2022

31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Жылда осы күн жақындаса, репрессия мен аштыққа қатысты деректер толық зерттелмей жатқанын еске аламыз. Бірақ, соңғы кезде құпия құжаттар ашылып, аштық туралы да ашық айтыла бастады. Мысалы, өткен аптада белгілі қаламгер Смағұл Елубайдың шығармасының желісі бойынша түсірілген «Ақ боз үй» фильмнің тұсауы кесілді. Туындыда ашаршылық тақырыбы жан-жақты көрсетіледі. Ал, романның өзіндегі басты кейіпкер Пахраддиннің өмірінің мына бір тұсын оқудың өзі ауыр:

Көз алды қарауытып, басы айналып теңселіп кетті Пахраддин. Қанша мезгіл өткенін білмейді. Көзі көк шөпке түсті. Тырбық дүзгеннің әрегірек қалың раң, мияға араласа өскен жуа сабағы көзге оттай басылды. Бір тал жуа. Түрегеліп бару қайда. Оған әрекет те еткен жоқ. Жұлғанша шыдамай еңкейе құлап қарш-қарш шайнады. Құлшынып, ындыны ашылып, көк шөпті аралап еңбектеп келеді. Тағы да, тағы да қарш-қарш шайнағысы келеді, көк жуа сабағын. Есі кіргенше көк жуадан орып асай берді. Есі кіргенде өзінің жуа емес, кәдімгі мал жейтін көк раңға жайылып жүргенін бірақ білді. Еңкейіп төрттағандап тұрған күйі көз жасы құм бетіне домалады. Адамға лайық ажалын қимайтындай не жазып еді бұ Құдайға? Не жазып еді? Шөп жеп, құрт-құмырсқаға жем боп, ит қорлықпен өлетіндей бұ Тәңірге?...

Бұл - халқымыз бастан кешкен ең ауыр трагедияның көрінісі. Ал, 2 жыл бұрын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде комиссия құрылған. Оның жұмысы қашан аяқталатыны белгісіз. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2 жылда азаматтардан ата-бабасын ақтау бойынша 156 өтініш түскен. Оның 42-сі қанағаттандырылса, 114-і бойынша іздестіру жұмысы жүріп жатыр. Тарихи құжаттарды құпиясыздандыру процесі де басталған. Бүгінге дейін бас прокуратура 2 миллионнан астам құжатты құпиясыздандырған. Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды топтастырып жерлеген 82 орын анықталған. Жамбыл облысында осындай орындардың 3 картасы жасалған.


Хабарламаларға жазылу