Конституция мерекесіне орай, елорда тұрғындары мен қонақтары үшін үш күн бойы мерекелік шаралар ұйымдастырылады.
29 тамыз, сағат 16.00-де «Конгресс-Холл» сарайында қазақстандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді. Концертті тамашалауға Астанада тұратын 100 зейнеткер шақырылды.
Сондай-ақ, 29-тамыз, сағат 16.00-де Бейбітшілік және келісім сарайында «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры әртістерінің қатысуымен мерекелік шара ұйымдастырылады.
30 тамыз, сағат 10.00-де орталық алаңда мерекелік концерт өтеді. Шараға қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысады.
Конституция күнін мерекелеуге жас астаналықтар да үлес қоспақшы. Олар Отан қорғаушылар алаңында өтетін сурет байқауына қатысады.
Сондай-ақ, 29 тамызда қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде «Ата заңым ардақты» салтанатты шарасы өткізіледі.
Ал, 30 тамызда аталмыш мекемеде «Наз» би театрының әртістері өнер көрсетеді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.