Қосарал тұрғындары бес отбасын көшіріп алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қосарал тұрғындары бес отбасын көшіріп алды

27.05.2022

Ауыл тұрғындарының өздері мектепті жабылудан сақтап қалды. Ақтөбе облысы Байғанин ауданына қарасты Қосарал елдімекені тұрғындары жан-жаққа хабар таратып, көпбалалы 5 отбасын көшіріп алды. Оларға үй беріп, алдарына мал салды. Нәтижесінде, 9 жылдық негізгі мектептегі бала саны артты. Әріптесім Жақсыбек Кемал ауылға арнайы барып, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысып келді.

Нұрғиса отбасымен бірге Жаңаөзеннен көшіп келіпті. Қосарал тұрғындары оған бос тұрған бір үйді дайындап, уақытша тұруға мүмкіндік берген. Келіншегі екеуі оның қабырғаларын сылап, әктеп, ретке келтіріп алды. Өзі жаз бойы жүк көлігімен шөп тасиды.

Нұрғиса Жұмағалиев, ауыл тұрғыны:
Қазір ауыл мен қаланың жағдайы бірдей. Ауылдың күйі осы, жақсы. Жаман ештеңесі жоқ. Халқы да жақсы, көмектерін беріп жатыр.

Бес отбасы елдімекенге өткен жылдың соңында қоныс аударған. Әрқайсына үйден бөлек он екі қой-ешкі мен бір тайыншадан берілген. Қолынан іс келетіндері жұмыспен де қамтылды. Мәселен, Алға ауданынан көшіп келген Наурызбек Сақтағанов жүн өңдеу цехында жұмыс істейді. Қойдың жүнін жуып, арнайы құрылғы арқылы түтіп шығарады. Одан кейін көрпе, жастықтар тігеді.

Наурызбек Сақтағанов, ауыл тұрғыны:
Осы ауыл азаматтары шақырып, үлкен көмек беруде. Алдымызға мал жинап беріп жатыр. Осындай жүн цехын ашып, матрац тігуді жалғастырып жатырмыз.

Қосарал – 50-ден аса түтіні бар шағын ғана ауыл. Бірнеше жыл бұрын 9 жылдық мектептегі бала саны азайып, жабылудың аз-ақ алдында қалған. Сол кезде ауыл тұрғындары әлеуметтік желілер арқылы хабарландыру таратып, көпбалалы отбасыларды іздеді. Хабарласушылар аз болмаған. Қазір білім ошағындағы оқушы саны 50-ге жуықтады.

 Өтеген Кенжеғазы, мектеп директоры:
Шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер – осы кісілер малдай, ақшалай, жалпы ауыл халқы бұл жерде, аудан басындағылар – барлығы көмектесіп, отбасыларға жағдай жасаған болатынбыз. Малдарды осы ауылдың адамдары бөліп алып, қыстан шығарып берді.
Медет Бақдәулет, кәсіпкер:
Ауылымыз жойылып кетпеу мақсатында, дами берсін деп жан-жақтан көпбалалы отбасыларды шақырдық. Сол кісілерге шөбін дайындап береміз, жеміне жеңілдікпен әкеліп беріп, жұмыстанып жатырмыз.

Тұрғындар талабы бойынша, көшіп келушілер ауылда кемі бес жыл тұруы керек. Содан кейін ғана оларға берілген мал төлдерімен бірге жекелеріне өтеді. Қосаралға әлі де қоныстанғысы келетіндер көп. Дегенмен оларды қабылдайтын әзірге бос тұрған баспана жоқ.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу