Көкшетаудағы мектептен жарылғыш зат табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетаудағы мектептен жарылғыш зат табылды

25.05.2022


Көкшетаудағы мектептердің бірінің қызметкері полицияға білім ордасының аумағынан жарылғыш зат көргенін хабарлады. Ал тағы бір әскери граната Ақтөбеден табылды. 
Жақсыбек Кемал, тілші:
Жарылғыш зат Ақтөбедегі гараж кооперативтерінің бірінде қараусыз қалған нысанды бұзу кезінде табылды. Оқиға орнына жедел қызметтер шұғыл жетті. Саперлар оның «Ф-1» деп аталатын әскери граната екенін анықтады. Баллистикалық сараптама тағайындалды. Қазір полицейлер гараждың бұрынғы иесін іздестіріп жатыр. 
Көкшетаудағы нөмері екінші мектептің шаруашылық меңгерушісі полицияға хабарласып, қоймадан қолдан жасалған жарылғыш зат тапқанын айтқан. Құқық қорғаушылар білім ордасының аумағын қоршауға алып, адамдар эвакуацияланды. Арнайы мамандар жарылғыш затты сол жерде жоюға шешім қабылдады. Оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. 

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу