Жазушы Дидахмет Әшімханұлының өмірден өткеніне жеті жыл толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жазушы Дидахмет Әшімханұлының өмірден өткеніне жеті жыл толды

23.05.2022

Бүгін жазушы, журналист Дидахмет Әшімханұлының қайтыс болғанына жеті жыл. Ол қалың оқырман мен әдеби ортада әңгіме жанрының шебері, стилист, талантты журналист, белгілі аудармашы ретінде танылған қаламгер. Дидахмет Әшімханұлы әдеби көркем шығармаларымен қоса екі жүзге жуық публицистикалық туындының авторы.

Алашқа аты мәлім Алтайдың арда ұлы Дидахмет Әшімханұлының жарық дүниемен қош айтысқанына жеті жыл. Ұлт мүддесін ұран қылған әдебиеттің қыран құсы өмір жолын күреспен өткізді, дейді замандас-достары.

Тұрсын Жұртбай, жазушы, ғалым:

Ол қаламмен де күресті, өзімен де күресті, мынау қоршаған ортадағы әділетсіздікпен де күресті.

Әдебиет әлемінде өзіне ғана тән соқпағын салып, оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген Дидахмет Әшімханұлы 1950 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Жаңаүлгі ауылында дүниеге келген. Шыңғыстай орта мектебін бітірген соң ауылында әр салада қызмет етті. Журналистикада жүріп, «Өз сөзім өзімдікі», «Тазша баланың тамашасы» деген циклді жазбаларымен қазақтың сөзін сөйледі, жоғын жоқтады.

Ұлықбек Есдәулет, ҚР Жазушылар одағының төрағасы:

Алғашқы әңгімесі Ақ қабаның толқыны деген жұртшылық назарын аударды. Қабдолов, Мұратбеков, Тарази, Ысқақовтардың бәрі бізге жас талантты прозашы қосылды деп қуанды.

Аз жазса да, саз жазған оның ой айту екпіні Оралхандай еді, дейді көзкөргендер. Әшімханұлы алаш идеясына берілді. Ел-шежіре дейтін қоғамдық қор құрды. Оның «Жер аңсаған сарыатан», «Сары самауыр», «Ақшоқы», «Жынды жел», «Тасқала» шығармалары қазақ әдебиетінің төрінен орын алды.

Құлбек Ергөбек, әдебиетші, сыншы:

Бір мақаламда Дидахметті Ұлттық рух жыршысы деп атаған екенмін. Сол ойды қайталағамын келеді бүгін де.

Дидахмет Әшімханұлы жұмсақ мінезді көрінгенімен, ішкі ділінен қайтпайтын, жан қуаты алып адам еді деседі.

Тұрсын Жұртбай, жазушы, ғалым:

Дидахметтің жалпы адам баласына қабағын түйіп қарағанын көрген емеспін. Ол ылғи да өзгенің қамқорлығына, жақсылығына, сұлулылыға құштар болып өтті.

Иә, сол үшін болмысы бөлек жазушыны жастар жағалады, үлгі тұтты, тағдыры толғандырды. Қаламгердің өзі әдебиетті тағдыр деп ұқты.


Хабарламаларға жазылу