Қызылордадағы оқу орталықтарының бірінде оқушылар еденде ұйықтаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордадағы оқу орталықтарының бірінде оқушылар еденде ұйықтаған

19.05.2022

Қызылордадағы оқу орталықтарының бірінде балалардың еденде ұйықтап жатқан бейнежазбасы әлеуметтік желіге тарап, көптің ашу-ызасын туғызуда. Ал осы жағдайды ұялы телефонына түсіріп алған ата-аналар енді жеке білім беру ұйымының жабылуын талап етіп отыр. 

Бұл жазбада балалардың түскі уақытта бейқам, еденде тізіліп ұйықтап жатқаны анық көрініп тұр. Сондай-ақ, үйдің сыртындағы сарайда орналасқан ас әзірлейтін орында санитарлық талаптар сақталмаған. «Мұндай бассыздықты көрген ата-аналар бұған дейін де осы орталыққа қатысты келеңсіз жағдайларды естігенмен сенбей келдік. Енді көзіміз жетіп отыр»,-дейді.

Тоқтар Әбдібекова, қала тұрғыны:

Сабаққа барғым келмейді дейді. Ей, сенің қашан сабаққа барғың келетін еді деп өзінен көретінбіз. Осындай ластықта, лас жерден тамақтанғаннан оның барлығы. Кешегі кеткен мұғалім көзімізді ашып кетті.

Әлеуметтік желіге тараған бейнежазбадан кейін оқу орталығына арнайы мониторингтік топ өкілдері барды. Жеке білім беру ұйымын ашқан кәсіпкер болған жағдайды түсіндіруге тырысты. Оның айтуынша, жуырда жұмыстан босатылған мұғалім осының бәрін қасақана ұйымдастырған. Енді орталықты қаралағаны үшін өзі де сотқа жүгінбек.

Айнұр Сүндетова, оқу орталығының директоры, кәсіпкер:

Оның бәрі әрине өтірік. Өзі ұйықтатып, ал бізде негізі жатпайды балалар. Енді бұл бойынша біз міндетті түрде прокуратураға арыз-шағым тастаймыз және сотқа жүгінеміз міндетті түрде. Және бізден ақша бопсалап отыр. 1 миллион теңге ақша беріңіз деп отыр қазіргі таңда.

Белгілісі бұл жеке орталық мемлекеттен қаржыландырылмайды. Тек балалардың оқу ақысы есебінен жұмыс істеп келеді. Дау шыққан нысанның жұмысын енді құзырлы органдар тексеріп, мәселенің ақ-қарасын анықтайтын болды.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу