Елордада 60%-дан астам көп пәтерлі тұрғын үй басқарудың жаңа жүйесіне көшті. Осылайша пәтер иелері кооперативінің мүлік иелері бірлестігіне өтуі жалғасып жатыр. 2020 жылы қабылданған заңға сай бұл жұмыс биыл 1 шілдеге дейін аяқталуы тиіс. Бірақ ескі жүйенің иелері, жаңа бірлестіктерге құжаттарын өткізуге асығар емес. Өйткені, былық көп. Таяуда тіпті алматылық кооператив басшысы «70 млн теңге жымқырды» деген күдікке ілініп, іс сотқа жолданған. Ал жаңа жүйе болса, дәл осындай олқылықты жоюға бағытталған.
Қайырбек Жұмаханов елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде 1 ай бұрын құрылған мүлік иелерінің бірлестігін басқарады. Тұрғындардың өздері таңдап, төраға етіп сайласа да бұрынғы пәтер иелері кооперативі «билікті» бергісі жоқ.
Қазір елордада 3097 көп пәтерлі тұрғын үй болса, соның 62 пайызы басқарудың жаңа жүйесіне көшкен. Заң күшіне енгелі 687 мүлік иелері бірлестігі және 1700-ге жуық серіктестік құрылған.
Еркебұлан Көшкінбай, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:
ОСИ-да бірінші ашықтық болады. Тұрғындар біледі қандай ақша жиналады, қайда кетеді. Ал КСК сіз ойлаңыз 10-15 үйден ақша түседі, ешкім білмейді сіздің үйден қанша түседі, басқа үйден қанша түседі. Қанша процент төлеп жатыр, қаншасы төлемей жатыр.
Заң бойынша биыл 1 шілдеге дейін елдегі барлық тұрғын үй кешендері меншік иелерінің бірлестігіне өтуі тиіс. Жауапты ведомство бұл процесс уақытылы жүзеге асатынына сенімді. Себебі, тұрғындар өз қалталарынан шыққан қаржыға өздері иелік етіп, мақсатты игеру керектігіне көз жеткізеді деп есептейді.