Көп пәтерлі тұрғын үйді басқарудың жаңа тәртіптері пысықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көп пәтерлі тұрғын үйді басқарудың жаңа тәртіптері пысықталды

21.04.2021

Елде 2,5 мыңнан аса көппәтерлі тұрғын үй иелері ортақ мүлікті басқарудың жаңа түріне көшті. «Мүлік иелерінің бірлестіктері» мен «жай серіктестіктер» әсіресе Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында көп құрылған. Ең төменгі көрсеткіш Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында. Бұл жөнінде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың басқарма өкілдері мәлімдеді. Мамандар қазақстандықтар басқарудың жаңа түріне көшпеуге де құқылы екендерін еске салды. 2022 жылдың шілдесіне дейін бұрынғыдай пәтер иелері кооперативіне қараса болады. Алайда бұл жағдайда тұрғындар заңмен қарастырылған бірқатар жеңілдіктерден қағылады.

Нұрбек Серіков, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы»АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
«Мүлік иелері бірлестігі» мен «жай серіктестікке» біріккен пәтер иелері «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы күрделі жөндеу өткізе алады. Жедел сатыны ауыстыруға да осындай жеңілдік бар. Сондай-ақ, әкімдік басқарудың жаңа түріне көшпеген тұрғын үйдің қасбеті мен шатырын бірыңғай сәулеттік келбетке келтіру үшін қаржы бөле алмайды.

Ләйлә Дулатқызы


Хабарламаларға жазылу