Елордада 3 жылда 70 бала терезеден құлап кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада 3 жылда 70 бала терезеден құлап кеткен

15.05.2022

Сәби, Сәбит, Сағи... Осы аптада ел аузында болған ерлікке де тоқталайық. Көппен бірге терезеден құлап түсе жаздаған сәбидің тағдыры үшін алаңдадық. Оны құтқарған Сәбит марапатын, пәтерін алғанда ел болып елжіредік. Сағиға да сыйланғанын біліп, тағы бір қуандық. 

Иә, терезеден де бақ келеді екен. Әлемнің әйгілі ақпарат құралдары да көзсіз ерлікке тамсанып, оқиғаны жарыса жариялады. Эмоция басылғаннан кейін саралай бастадық. 3 жасар сәби неге жалғыз қалды? Жыл сайын терезеден құлап, мерт болған, не жарақат алған балалар жайлы естісек те, қауіпсіздік неге әлі де еленбейді? Көкейде сауал көп. Жауабы бар ма? Амангелді Сейтханның репортажы.

Көпті елең еткізген бұл оқиға ел аузында әлі айтылып жүр. 8-қабаттан құлап кете жаздаған 3 жастағы сәбиді Сәбит пен Сағидың құтқарып қалған сәті таң қаларлық...

Сәбит Шонтақбаев, қала тұрғыны:

Бар ойым баланы құтқару болды. Қорқыныш ештеңе болған жоқ. Сол 7 этаждың балконынан страховка жоқ. Баланы құтқарып алдым. Бала жылап тұрды. Мен тек аяғынан ұстап үлгердім, олда қолы талып жіберді, әрі қарай мен ұстап үлгердім.

Сағи Жылқышиев, қала тұрғыны:

Біз ұстап тұрдық Сәбитті, сақтану үшін. Мен өзім тіпті қорықтым. Сәбиттен мен айырылып қалсам, мен кінәлі болам. Сол үшін барынша аяғынан ұстауға тырыстым.

Екі жігіттің ерлігінің арқасында аман қалған баланың жағдайы қазір жақсы. Бірақ, бәрі керісінше болуы да мүмкін еді... Өйткені, сол күні 3 жасар Айзерені анасы жақын бауырына қалдырған. Ал, ол өз шаруасымен сыртқа шығып кеткен. Осыдан кейін қоғамда сұрақ көбейді. Неге терезе ашық тұр? Оған неге тор орнатылмаған? Бала неге жалғыз қалған? Бұл сұрақтардың жауабын анасынан біле алмадық. Бірақ, оның қызын жалғыз бағып отырғанын, балабақшада жұмыс істейтінін көршілері хабарлады. Баланы күн сайын балабақшаға апаратын, бірақ, сол күні үйде қалдырған. Ал, мамандар болса кішкентайды қараусыз қалдырған ата-аналарға шара қолданып, олардың жауапкершілігін арттыру керек,-дейді.

Ержан Мырзабаев, психолог:

Өкінішке орай бізде жыл сайын мұндай оқиғалар көп болып келеді. Бала суға батып кетті, ата-анасы қайда? Баланы көшеде машина қағып кетті, ата-анасы қайда? Бала терезеден құлап кетті, ата-ана қайда? Шет елдегі тәжірибеге сүйенетін болсақ, ата-ананы бала құқығынан айыруға дейін барады.

Өркениетті елдерде мұндай оқиғалар терең зерттеледі де. Мысалы, АҚШ-тың Чикаго қаласында 1995-2002 жылдары болған осындай оқиғалар талданған. Нәтижесінде, 23 пайызында терезе маңында керует пен төсек тұрған. 53 пайызында бала құлаған сәтте ата-аналар үйде болған. 1 пайызында ғана қараусыз қалса, 31 пайызында үйде кім болғаны белгісіз. Оқиғалар көбіне түскі уақыт пен кешкі 6 арасында болған. Мәселеге алаңдаған белсенділер Children Can’t Fly деген ұйым ашып, терезеге баланы қорғайтын құрылғы орнатуға халықты шақырған. Нәтижесінде, оқыс оқиғалар 96 пайызға азайған. Ал, бізге не істеу керек?

Динара Закиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ата-аналарға жағдайын жасау керек. Себебі, қазіргі таңда әлеуметтік жағдайына байланыста ата-аналар көбіне жұмысқа шығу үшін балаларды жалғыз қалдырады. Ал, садиике төлеу үшін ақша және жағдай жоқ. Сонымен бұл мәселені шешу үшін +бала капиталын енгізу керек деп ойлаймын. Декретті төлеу мерзімі бір жыл ғана емес, 3 жылға дейін төлеу керек деп ойлаймын.

Бұл ұсынысты Алтынай да қолдайды. Ол 2 баланың анасы. Үлкені 4 жаста. Мемлекеттік балабақша кезегін 2 жылдай күткен. Бірақ, келмегесін ұлын жекеменшік балабақшаға берген. Ол қымбат. Сондықтан, кейде үйде бағады.

Алтынай Байсалова, қала тұрғыны:

2018-ден бері дектерттік демалыстамын. Жұбайым сол балалардың қауіпсіздігі үшін мені үйде отырғызды. Әрине, қиын үлкен қалада бір кісінің жалақысымен күн көру. Бірақ, амал жоқ, отырмыз. Біздің айналамыз толған қауіпсіздік. Аулаға шығамыз, біздің ауланың айналасы ашық. Машиналар зулап өтіп жатады.

Динара Закиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Соңғы 5 жылдың ішінде 140 бала терезеден құлап қайтыс болды. 2018 жылдан бастап инфрақұрылым министрлігінің бұйрығына сәйкес застройщиктер жаңа үйлерді салғанда бүкіл терезелерде блакираторлармен қамтамасыз етуі тиіс.

Ержан Мырзабаев, психолог:

Өкінішке орай бізде қандай да бір мекеме мысалыға мүмкіндігі шектеулі жандар үшін, балалар үшін қауіпті ме, қауіпсіз бе мұны нақты ешкім тексермейді. Тексергеннің өзінде де керекті шаралар қолданбайды...

Демек, бізде бала қауіпсіздігі қатты ескерілмейді. Ал, балаға деген жанашырлықтың, біреудің өміріне деген жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеткен Сәбитке "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісі берілді. Сәбит пен Сағиға қайырымды жандар пәтер сыйлады. Өйткені, олар жасаған ерлікке кез келген адам бара алмас.

Ал, Сәбиттей жігітті өмірге әкелген ата-анамен біздің тілшілеріміз алғаш болып тілдесті. Әкесі Серік ауыл совхозында еңбек етіп, жол апатынан аяғы жарақаттанып, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған жан. Ал, баласының ерлігін көрген анасы Гүлбаршын апаның жүрегі елжіреп, көңілі әлі толқып жүр.

Гүлбаршын Пірімбетова, Сәбиттің анасы:

Кей кезде мен айтам балам-ау пәтерің жоқ бұл қалай болды? Деймін ғой енді. Өзің жұмыста да жоқсың. Ой, мама еш уайымдама. Маған Алла порточкіден береді дейтін. Мен қойшы ондай сөзіңді дейтінмін. Жоқ мама маған порчкіден береді деп әрдайым барғанда осы сөзді қайталайды да отырады. Сосын енді кеше Құдайға шүкір бәрі неткеннен кейін айтып жатырмыз ғой. Алла шынымен тілеуіне берген шығар деймін енді.

Иә, күн көріс қамымен Елордаға кеткен Сәбиттің жары мен балалары қазір Қызылордада. Қала шетіндегі шағын үйді жалдап тұрады. Жары жұмыссыз, бала күтімімен үйде. 14 жылдан бері осылай пәтер жағалап келген олардың енді Елордада үйі бар. Бұл ол жасаған ерлік пен мейірімге деген қоғамның жауабы. Ерлікке осындай құрмет жасалғанын көргенде Сәбит болғың келеді... Ал, балаға деген жауапкершілікті сезгенде сәбилі болғың келе ме?

Аманкелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу