Қостанай облысының Аманкелді ауданында орталық желіге қосылған елді-мекендердің біразы ауыз суға жарымай отыр. Мысалы Қарасу ауылына су тәулігіне бір жарым сағат қана беріледі. Осы уақытта ыдысын толтырып үлгермегендер келесі күнге дейін қаңсып отыруға мәжбүр. Орталық желі болса да, шаруа неге оңбай тұр? Дәуренбек Әбдібек әңгімелейді.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Қарасу ауылына су құбыры сексенінші жылдардың соңында тартылған. Бірақ әр үйге кіргізілмей су алатын қондырғылар көшеге орнатылған. Тұрғындардың айтуынша бүгінде сол колонкалардың тек жетеуі ғана қалыпты. Олардың өзінің жағдайы адам шошырлық. Қақпақсыз құдықтары мүжіліп боржып тұр, суды ағызып тоқтатын бұранда, шүмек дегендер атымен жоқ.
30 жылдан асқан желі осы күнге дейін жөндеу көрмей, әбден тозып тұр. Егер суды тоқтаусыз берсе, шіріген құбыр тесіліп мүлде жарамсыз күйге түсуі мүмкін. Сондықтан барға зар боп қалмас үшін суды уақытымен ағызып, амалдауға тура келеді.
Берік Тасболатов, ауыл тұрғыны:
Жағдайлар боп қалады. Су керек боп қалады. Кейде 1,5 жарым сағат ішінде су алуға үлгермей қаласың. Сосын қалған суды үнемдейсің. -Бау-бақша? -Бау бақшаға су жоқ. 1,5 сағат ағатын сумен қалай бау бақша егесің?
Жасы алпыстан асқан Зинаркүл Елеуова су ағатын уақытты аңдып отырып, шамасы жеткенше тасып алады. Бұл тірлікке әбден төселген. Әрине, көндікпеске амалы да жоқ.
Зинаркүл Елеуова, ауыл тұрғыны:
Үйге кіргізіп бергені дұрыс қой негізі. Біз сияқты аяғы ауыратын кемпірлерге.
Алқам-салқам құбырдың суы бір жарым сағат бойы тұрғындардың ыдысына ғана емес көше бойлап далаға да ағады. Сөйтіп әрі ысырап болады, әрі қолайсыздық тудырады.
Гүлсін Шәріпова, ауыл тұрғыны:
Колонкалардың көбі істемейді. Жаңағыдай шланга жалғап аламыз. Оның көбі жерге кетеді. Қыста тіпті қиын. Мына жер көк мұз болады. Адамдар құлап жатады. Мына жер мектепке жақын, тіпті қиын.
800 тұрғыны бар Қарасудағы жұрттың қазіргі жайы осы. Жалпы Аманкелді ауданында 30 елді-мекен болса, соның тең жартысы орталық су желісімен қамтылған. Аудан басшылары биыл тағы 5 елді мекенге су тарату қондырғысы қоймақ. Ал Қарасудағы желіні жаңартып, ауыз суды әр үйге кіргізу үшін жуырда бюджеттен 674 млн теңге бөлініпті. Жұмыс осы жазда басталып, келесі жылы аяқталуы тиіс.
Дәуренбек Әбдібек