Бүгінгінің батырына айналған Сәбит Шонтақбаевтың туған ауылы да ержүрек ердің ерлігін мақтан етуде. Қарапайым отбасынан шыққан азаматтың ата-анасы көптің алғысын естіп, ұлымен марқайып отыр. Аққұм ауылына барып, Шонтақбаевтар әулетінің шаңырағында болып келген тілшіміз Әділбек Серікұлы тартқатады.
Ерді туған Гүлбаршын ананың көңілі кешелі бері толқып жүр. Елордадағы оқиғадан кейін ұлымен әлі жөнді сөйлеспепті. Өз басын қатерге тігіп, сәбиді құтқарған Сәбиттің ерлігі ана жүрегін елжіретпей қоймады.
Бес бала тәрбиелеп өсірген отбасында Сәбит егіздің сыңары екен. Қазір қара шаңырақта ата-анасымен үйдің үлкені тұрады. Ал Сәбит 14 жылдан бері өз еншісін алып, қалаға кеткенімен осы күнге дейін пәтер жағалап келген. Бірақ, «айлығы шайлығына жетпесе де, қолы ашық, пейілі кең бәріне қамқор» дейді батырдың анасы.
Гүлбаршын Пірімбетова, Сәбиттің анасы:
Кей кезде мен айтам балам-ау пәтерің жоқ бұл қалай болды? Деймін ғой енді. Өзің жұмыста да жоқсың. Ой, мама еш уайымдама. Маған Алла порточкіден береді дейтін. Мен қойш ондай сөзіңді дейтінмін. Жоқ мама маған порточкіден береді деп әрдайым барғанда осы сөзді қайталайды да отырады. Сосын енді кеше Құдайға шүкір бәрі неткеннен кейін айтып жатырмыз ғой. Алла Тағала шынымен тілеуіне берген шығар деймін енді.
Ата-анасы ауыл совхозында еңбек етіп, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған жандар. Әкесі Серік Шонтақбаев жол апатынан аяғынан ауыр зақым алған. Жүріп-тұруы қиын болса да, кешегі оқиғадан кейін ауру-сырқауын ұмытқан. Елдің ыстық ықыласын естіп, төбесі көкке бір елі жетпей жүр.
Серік Шонтақбаев, Сәбиттің әкесі:
Бір жағынан толқып та кеттік. Бір жағынан қуанып та жатырмыз. Қазақ халқының барлық азаматтары, азаматшалары тілеуін тілеп, соған жақсылық көңіл-күйлерін білдіріп жатыр. Ал енді ана видеоны көрген кезде, өзіміз аузымыз ашылып, жүрегіміз толқып кеткені рас. Әрібірден соң көзімізден жас та шығып кетті.
Елдің атын ер шығарар деген. Ауылдағы ағайын да Сәбиттің батыл әрекетін мақтан етіп, Шонтақбаевтар әулетін толассыз құттықтауда. Аймақтың атымтай жомарт азаматтары да қалыс қалмай, батырдың ата-анасын сый-құрметке бөлеп, қаржылай қолдауын көрсетіп жатыр.
Күн көрістің қамымен елордадан нәпақа іздеп кеткен Сәбиттің жұбайы мен балалары қазір Қызылордада. Қала шетіндегі шағын үйді жалға алған. Жары Айгерім жұмыссыз, бала күтімімен үйде отыр. Өмірі күрт өзгерген жолдасының бұл ерлігі өңі ме, түсі ме әлі сене алар емес.
Айгерім Дәнкенова, Сәбиттің жары:
Үлгілі әке. Балдарына өмірі айтып отырады. Ініңе қара. Сен қарындасыңа қара. Бауырмал болыңдар. Қарындастары бір түйір болған соң. Ешқашан қарындастарыңды жылатпаңдар. Қорғаңдар. Аналарыңды сыйлаңдар дейді. Өзі анасын қандай сыйласа, балдарына да сондай көреді.
Сегізінші қабаттан құлағалы тұрған сәбиді құтқарған Сәбиттің батыл әрекетіне кез келген адам бара бермейтіні анық. Жүрегінде түгі бар азамат бүлдіршінге екінші өмір сыйлап қана қоймай, көзсіз ерлігімен өмірін де жарқын жаққа бұрғандай.
Әділбек Серікұлы