Украинаның Белогоровка елді мекенінде ресейліктер тастаған бомбадан мектепте екі адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинаның Белогоровка елді мекенінде ресейліктер тастаған бомбадан мектепте екі адам қаза тапты

08.05.2022

Енді Украинадағы ахуалға тоқталсақ. Мариуполь қаласының «Азовсталь» зауытынан бейбіт халықты көшіру аяқталды. Бірақ, өнеркәсіп кешеніне бекінген 2 мыңдай жауынгер соңына дейін шайқасамыз деп, қаруын тастамай отыр. Ал, «Үлкен жетілік» елдерінің лидерлері бүгін президент Владимир Зеленскиймен виртуалдық форматта келіссөз жүргізеді. 

Бүгін Украинаның Белогоровка елді мекенінде ресейліктер тастаған бомбадан мектепте екі адам қаза тауып, 60 шақтысы үйінділер астында қалып қойды. Олар да мерт болды деген қауіп бар. Мұны Луганск облысының губернаторы Сергей Гайдай мәлімдеді.

Ал, Мариупольдегі «Азовсталь» металлургиялық зауытынан барлыққарттар мен балалар және әйелдер көшірілді. Президент Владимир Зеленскийдің хабарлауынша, енді жараланғандар мен медиктерді эвакуациялауға әрекет жасалып жатыр.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

"Азовстальдан эвакуациялау миссиясының бірінші кезеңін өткізуге көмектескен ХалықаралықҚызыл Крест пен Біріккен Ұлттар Ұйымының командаларына алғыс айтамын. 300-ден астам адам құтқарылды. Миссияның екінші кезеңінде жараланғандар мен дәрігерлерді көшіруге дайындалып жатырмыз".

Мәскеу Мариупольді толық басып алып, оны Жеңіс күнінде үлкен жетістік ретінде жариялағысы келеді. Алайда, Ресей армиясы «Азовстальде» күтпеген жерден үлкен қарсылыққа тап болып отыр. Кейбір мәліметтерге қарағанда, зауытқа украиналық 2 мыңдай жауынгер бекінген. Олар соңына дейін шайқасамыз деп, қаруын тастар емес.

Денис Прокопенко, «Азов» полкінің командирі:

«Жағдай өте қиын. Бірақ не болса да, біз қорғанысты тоқтатпау туралы бұйрықты орындауды әрі қарай жалғастыра береміз».

Еуропадағы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ауқымды қарулы қақтығыс мыңдаған адамныңөмірін қиып, миллиондарды босытып, кейбір қалаларды жермен-жексен етті.

Қазір Ресей армиясы Украинаның оңтүстігі мен шығысын алуға әрекеттеніп жатыр. Алайда, батыс барлаушыларының дерегінше, Украина әскері Харковь маңында 5 ауылды қайтарып, тіпті қарымта шабуылға кіріскен.

Ресей қорғаныс министрлігі болса, Донбасста қарсы жақтың талай техникасы мен жүздеген сарбазын жойғанын хабарлады.

Игорь Конашенков, Ресей Қорғаныс министрлігінің өкілі:

«Артиллериялық бөлімшелер 32 командалық пунктті, бес оқ-дәрі қоймасын, 403 бекіністі, 51 артиллериялық позицияны қиратты. Бұған қоса, 600-ден астам ұлтшыл мен 61 әскери техника жойылды».

АҚШ президенті Джо Байден мен «Үлкен жетілік» елдерінің басшылары Мәскеуде әскери парад өтер қарсаңда Зеленскиймен бейнеқоңырау арқылы келіссөз жүргізеді. Алайда, виртуалдықәңгіме кезінде нендей мәселе талқыланатыны әзірге белгісіз.

Ұлыбритания болса, Украинаға беретін көмегін екі есеге арттырып, оның көлемін 1,6 миллиард долларға жеткізуге уәде етті.

Германия да Киевке ауыр арсенал жіберуге кірісті. Таяуда белгілі болғандай, Берлин Украинаға 40 шақырым жердегі нысанды қирататын жеті гаубица жөнелтпек.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу