Бүгін сенатта алдағы екі жылға арналған республикалық бюджет талқыланды
Самұрық Қазынаға да, сыртқы қарызға да иек артудан арылу керек. Бірақ, бүгінде ол әсте оңайға соқпай тұр. Себебі, әлемдік инфляция мен елдің импортқа тәуелділігі бар. Сондықтан ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін сома биыл 4 трлн теңгеден асады. Бүгін сенатта алдағы екі жылға арналған республикалық бюджет талқыланды. Қомақты қаржының жартысына жуығы әлеуметтік қолдауға жұмсалып отыр. Нысаналы Ығыл тарқатады.
Көкарал бөгетінің бір бөлігі бүлінді. Су шайған. Енді сол 200 метр учаскені бүтіндеу керек. Әйтпесе, Кіші Аралға жылдар бойы жинаған су құмға сіңеді. Әлеуметтік, экономикалық әрі экологиялық салдары жаман. Сондықтан жөндеуге дереу кіріспесе кеш. Биылға 500 млн теңге қажет. Ал, толық аяқтау үшін 5 млрд теңге кетеді. Сенат спикері қаржыны бюджетке бірте-бірте енгізуді ұсынды.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары-қаржы министрі:
Көкарал бөгеті біздің ерекше бақылауымызда тұр. Егер сметалық құжаттар бәрі түгел болса біз резервтен қомақты сома бөлуге дайынбыз.
Ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандыруға тырысып бағуда. Теңге биыл наурызда әлсіреп, қазір қайта нығайған.
Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
Дағдарысқа қарсы шаралар аясында трансшекаралық қаржы операцияларына бақылау күшейтілді. Бұл ұлттық валютаның орнықтылығын қамту, капиталды шығаруға жол бермеу және алыпсатарлық сұранысты төмендету үшін жасалып жатыр. Валюта мен алтынды әкетуге де шектеу қойылды.
Сәуірден бері зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер тағы 4 пайызға артты. Бұл 4 млн-нан аса адамға тиесілі. Бірақ, үстеме үлес бәріне тең емес.
Рысқали Әбдікеров, ҚР Парламенті сенатының депутаты:
Зейнетақыны 4 пайызға өсіреміз. Сонда 40-50 мың зейнетақы 2 мың теңгеге дейін ғана өседі. Ал, 300-400 мың теңге зейнетақы 16 мың теңгеге дейін өседі екен. Сонда теңсіздікті қалай азайтамыз?
Жалпы, халық табысын арттыруға 197 млрд теңге бөлінеді. Бірақ, әлеуметтің әлеуетін көтеру тәсілі әлі ескі. Үкімет халықаралық тәжірибені зерделегені жөн. Сессияны аяқтау отырысында осыған қайта ораламыз,-деді спикер. Сондай-ақ сенаторлар сыртқы қарызға да сұрау салды. Алмақтың да салмағы бар екенін ескертті.
Сұлтанбек Мәкежанов, ҚР Парламенті сенатының депутаты:
Болжам бойынша мемлекеттік қарыз алдағы 5 жылда ЖІӨ-ге қатысты 28,1 пайыздан 31,3 пайызға дейін өседі деп күтуде. Ал үкіметтің осы кезеңдегі қарызы 21,4 трлн теңгеден 32 трлн теңгеге дейін, яғни 1,5 есеге өседі деп болжанған.
Сонымен республикалық бюджет шығыстары 18,8 трлн теңге деп жоспарланып отыр. 2,7 трлн теңгеге ұлғайған. Соның 46%-ы әлеуметтік салаға бағытталған.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті сенатының төрағасы:
Ұлттық қордың да қаржысын дұрыс пайдаланған жөн. Бюджет дефицитін сырттан қарыз алып қаржыландыру мәселесін қайта пысықтаған абзал. Қарызды көбейте бермей, бар қаражатты дұрыс пайдалану қажет.
Осындайда «тарта жесең, тай қалар, қоя жесең, қой қалар, қоймай жесең не қалар»,-деген мақал еріксіз еске түседі. Ақ жағалылардың мына самсап тұрған қара темір тұлпарлары да бюджеттен қаржыландырылады.
Нысаналы Ығыл
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы