Басты Жаңалықтар Қазақ музыканттар Брююсельде концерт қойды

Қазақ музыканттар Брююсельде концерт қойды

Қазақ музыканттары өнерімен Еуропа жұртын тамсантты. Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония ұжымы мен еліміздің танымал әртістері Брюссельде  концерт берді. «Shanyraq Fest Brussels»деп аталатын фестивальды Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен  еліміздің Бельгиядағы елшілігі ұйымдастырды. Өнерпаздар ұлттық ән-күйден шашу шашып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

«Мәдени дипломатия – Қазақстанның жұмсақ күші» деседі шетелдік саясаткерлер. Брюссельдегі концертті ұйымдастырудағы мақсат да сол – ұлттың мәдени құндылығын көпшілікке паш ету. Астана әкімдігіне қарасты мемлекеттік академиялық филармония ұжымы бельгиялықтарға алдымен қазақтың күй өнерінің құдіретін сезіндірді.

Жан Спинетт, Брюссельдің Сен-Жирль ауданының әкімі:

Қазақстанның мәдениетіне қызығушылық танытып жүрген мен бүгін музыканттардың талантына тәнті болдым. Еуропалықтарға таңсық музыкалық аспаптармен таныстық. Ұлттық өнерлеріңіз, музыкаларыңыз ғажап.
Филармония құрамындағы «Қорқыт»этно-фольклорлық ансамблі мен «Жошы» ұлттық тобының музыканттары еуропалықтарды сырға толы қазақ фольклорының тұнығына бойлатты. Опера жұлдызы Сүндет Байғожин мен сазгер Ренат Гайсин Абайдың, Н.Тілендиевтің шығармаларын орындап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Рухия Байдүкенова «Бұлбұлдай» сайрап, бельгиялықтардың делебесін қоздырды.

Әншілер халық әндерінен бөлек операны итальян тілінде шырқап, еуропалықтарды тамсантты.

Рене Жустен, Брюссель қаласының тұрғыны:

Концерттен ерекше рухани ләззат алдым. Әртістер бірінен бірі өткен хас таланттар. Жұмыс бабымен біз бұрын Қазақстанда төрт жыл тұрғанбыз. Ғажап ел. Халқы тамаша. Сол керемет кездерім есіме түсіп, қатты толқыдым.

Мадина Жүсіпова, Бельгиядағы қазақ диаспорасының өкілі:

Концерт бізді үйге апарғандай болды. Шәмшінің әндерін естіп, попуриін тыңдап, оған қосылып, ән айтып, әсіресе «Отан» әнін тыңдағанда барлық музыкант бірге шығып айтқанда, денем түршігіп, көзіме жас келді.

Екі сағатқа созылған концертті сілтідей тынып тыңдаған шетелдіктер өнерпаздарға тік тұрып қошамет көрсетті. Музыка арқылы бабалар мұрасын, ғасырлар сарынын жеткізген таланттар тағы екі күн Брюссель аспанын әнмен әуелетеді.     


Бөлісу