ЕО Ресей мұнайын алуға тыйым салуды ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЕО Ресей мұнайын алуға тыйым салуды ұсынды

05.05.2022

Ал, Еуропа одағы Ресей мұнайын сатып алуға толық тыйым салуды ұсынды. Мұны Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен мәлімдеп отыр. Оның сөзінше, бұл эмбаргоның мақсаты – Мәскеуге қысымды мейлінше күшейту.

Еуропа одағы Ресейдің энергетикалық шикізатын импорттауды жарты жылда тоқтату мәселесін қарастырып жатыр. Алайда, Венгрия бұл идеяны мүлде құптамаса, Чехия мен Словакия көмірсутегін өзге елдерден алу үшін өтпелі кезең қажет, дейді.

Тағы бір айта кетерлігі, Еуропа одағы 2022 жылдың соңына дейін Ресейден газ сатып алуды айтарлықтай қысқартайын деп отыр.

Қазір бұл одақ өзіне қажетті мұнайдың 25 пайызын, көгілдір отынның 40 пайызын Ресейден импорттап отыр.

Бірқатар сарапшылардың ойынша, Мәскеу Еуропа нарығынан айрылып жатқандықтан, энергия экспортын қазір Азия елдеріне бағыттап жатыр.

Ливия Галларати, Мұнай нарығы жөніндегі сарапшысы:

Біз қазірдің өзінде ағынның Еуропадан Азияның бірнеше еліне қайта бағытталып жатқанын көріп отырмыз. Әсіресе, Үндістан ресейлік мұнайды көп алуға кірісті, әдеттегіден әлдеқайда көп. Бүгінде Қытайдың да ресейлік мұнайға қызығушылығын байқап отырмыз. Ол импортты әлі арттырған жоқ. Бірақ шын мәнінде ондай қадамға баруы мүмкін. Дегенмен, еуропалық санкциялар тасымалдау саласын да қамтуы ықтимал. Мұндай жағдайда Ресейдің Азияға шикізат жеткізуі проблемаға айналады.


Хабарламаларға жазылу