200-ден астам оқушы сынақтан өтпей қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

200-ден астам оқушы сынақтан өтпей қалды

04.05.2022

Техникалық қателіктің кесірінен оқушылар сынақтан өтпей қалды. Елордадағы «ЗЕРДЕ» мамандандырылған мектебіне 7-сыныпқа түсу үшін 500ден астам оқушы тест тапсырған. Алайда 50 пайызы өтпеген. Қателік кеткенін тестілеу орталығының басшылығы да мойындап отыр.

Қолмен өз варианттарыңды жазыңдар деген. Әр бала әр қалай жазған. Біреу 25,26. Біреу өшіріп тастап үстінен 27 деп жазған.

Әуелгі қателік осы. Балалар парақтағы жоқ нұсқаны амалсыз қолмен толтырған. Салдарынан сұрақтардың орны ауысып кетуі мүмкін деген болжам бар. Ал жауаптары компьютер арқылы тексерілген.

Нұрғали Бәзікей, ұстаз:
Менде деңгейі бірдей екі бала бар. Екеуі егіз. Біреуі 200-ден астам балл алды. Ал екіншісі 5 балл. Мен бұған күмәнмен қараймын.

Балаларының біліміне кәміл сенген 100-ден астам ата-ана орталыққа жиналды. Қателік нұсқада ғана емес, тіпті кей сұрақтардың да жауабы күмәнді.

Фариза Баймағамбетова, ата-ана:
математикадан, сұрақтарын оқыған бойда жауаптарын іздесе дұрыс жауабын таба алмаған. Ол тек қана бір сұрақ емес, бірнеше сұрақ.

Өткен жылмен салыстырар болсақ, былтыр 498 баланың 47 пайызы жоғары балл жинаса, бұл жолы 542 оқушының тең жартысы керісінше өтпей қалған. Ашуға булыққан ата-аналар әділеттілікті талап етті. Тәуелсіз ұстаздардан құрылған арнайы топ жауап нұсқаларын қайта тексерді. Сөйтсе, бұрыңғы нәтижемен сәйкес келмеген. Мамандар техникалық қатенің кеткенін мойындады.

Нұрлан Жұмагелді, Республикалық "Дарын" орталығы директорының орынбасары:
Комиссия мүшелері қарастырдық. Техникалық ақауға байланысты кемшілік орын алды. Оның бәрі түзетілді. Қазіргі күні шекті балл алған балалар таңдаған мектебіне түсетін болды.

Жауап нәтижесінде ең төмен ұпай жинаған оқушылардың бірі керісінше жоғары балл алып, тізімнің басына бірақ шықты. Қайта қараудың нәтижесінде 30 оқушы интеллектуалды мектепке қабылданатын болды.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу