Петропавлға әкелінген жаңа автобустар сынақтан өтпей қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлға әкелінген жаңа автобустар сынақтан өтпей қалды

01.04.2021

Петропавлға әкелінген жаңа автобустар кәдеге жарамайтын болды. Халыққа бір ай қызмет етіп үлгерместен қоғамдық көлік қалаішілік бағыттардан алынып тасталды. Сынақтан өтпеген техника өндіруші зауытқа кері қайтарылды.  

Жеті автобустың әрбіреуінің құны 38 бен 42 млн теңге аралығында. «Yutong» маркілі көліктер отандық «СарыАрқаАвтопром» зауытында шығарылған. Шенеуніктер олардың сынақтан өтпей қалу себебін электрондық жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуімен түсіндірді. 

Бақыт Ілиясов, Петропавл қаласы ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:
Көліктерді тесттен өткізу кезінде бірнеше техникалық ақау анықталды. Петропавлда оларды жөндейтін сервистік орталық жоқ. Сондықтан кері қайтаруға тура келді. Нақтырақ болсақ, жанармай шығынын бақылау, жолаушылар санын қадағалау датчиктері жұмыс істемейді.

Көліктердің алғашқы легі сынақтан өтпегеніне қарамастан, әкімдік өндіруші зауытпен 4 млрд теңгеден астам сомаға тағы 93 автобус сатып алу жөнінде келісімшарт жасасқан. Тауар жыл соңына дейін бірнеше партиямен Петропавлға жеткізілмек. Ал тасымалдаушылар жаңа автобустардың қымбат екенін айтып, сатып алуға құлықсыздық танытып отыр. Бүгінде қаладағы автобустардың 70 пайызының тозығы жеткен.

Эльмира Мәмбетқызы

Хабарламаларға жазылу