Қызылорданың іргесіндегі Бәйтерек мөлтек ауданында онға жуық үй өркениеттен тыс өмір сүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорданың іргесіндегі Бәйтерек мөлтек ауданында онға жуық үй өркениеттен тыс өмір сүріп жатыр

04.05.2022

Қаланың картасында бар, бірақ тізімінде жоқ. Қызылорданың іргесіндегі Бәйтерек мөлтек ауданында онға жуық үй өркениеттен тыс өмір сүріп жатыр. Әкімдік осы аумаққа кезінде шаруашылық негізде қоныс тепкен отбасыларға үйлері сүріліп, көшірілетінін ескерткен. Бірақ, содан бері қанша жыл өтсе де ешқандай әрекет жоқ. Тұрғындардың базынасын өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы тыңдап қайтты.

Нұрбек Мұхан бұрын осы жерде мал жайғап, ата-кәсіппен айналысқан. 2016 жылы бұл аумақ қалаға қосылып, 980 гектар жер телімі тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға үлестірілді. Жаңа мөлтек аудан құрылғанына қуанған отбасылар келешектен үлкен үміт күтіп еді. Алайда, тұрғындардың мәселесі шешілмей, әлі жырақта қалғандай өмір сүріп жатыр.

Нұрбек Мұхан, тұрғын:

Бір жиырма үйдей болған. Қалғаны бұзылып-бұзылып кетті. Қалаға көшіп, жұмыс болмаған соң. Енді азын-аулақ мал ұстап, осы жерде отырмыз. Не жол жоқ, Бәйтерек қосылып еді, не «Бәйтерекке» қоспайды бізді.

Не анда, не мұнда жоқ оншақты үйдің тұрғындары қыста пешке от жағып әбігерге түссе, тұрмыста газ баллонын пайдалануға мәжбүр.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Мынау есік ауласындағы кір жаятын сым емес. Бұл жоғары кернеулі электр желісі. Тұрғындар кезінде, шама-шарқынша өз күштерімен тартып алған. Қатты жел соғып, дауыл тұрса осындағы үйлер жарықсыз қалады.

Мұнда бірнеше отбасы жапсарлас салынған баспанада тұрады. Оның өзі әбден ескіріп, тозығы жеткен. Ал оны жөндейін десе, тұрғындар ертеңі не боларын білмей отыр.

Гүлмарал Бексұлтан, тұрғын:

Сносқа жібереміз дегеніне неше жыл болды 4-5 жылдай болды. Бізге сносқа жібереміз осы жерде отыра беріңдер, орнына үй береміз деді. Біз сосын қозғалмай отырдық. Енді қайта-қайта барамыз, жылда барамыз документ дайындатады, қырғын ақшамен не нәтижесі жоқ, не басқасы жоқ. Не қаласың деп айтпайды, не біз қимылдай алмаймыз.

Салаға жауапты мамандар бәйтеректегі бұрынғы тұрғын үйлердің мәселесіне қатысты бастапқы кездегі көшіру туралы шешім өзгергенін айтады.

Ғанибек Омаров, қалалық жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі:

Кезінде яғни, жер учаскелері кезекке табысталғанға дейін бұл аумақта шаруа қожалығымен айналысатын болған. Осы жер учаскелері алдағы уақытта нысаналы мақсатын ауыстыруға өтініш берген жағдайда, біз жер кодексінің талаптарына сәйкес ауыстырып беру мүмкіндіктерін қарастыратын боламыз.

Алты жылдан бері жүгін жинап, көшуге дайын отырған отбасылар енді жаңа мөлтек ауданның тұрғыны атану үшін қайта құжат әзірлеп, баспаналарын заңдастыруы қажет. Онсыз инженерлік-коммуникациялық жүйелерге де қосыла алмайды дейді мамандар.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу