Арбадағы серілер мен бикештер би өнерін көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арбадағы серілер мен бикештер би өнерін көрсетті

26.07.2014
Арбадағы серілер мен бикештер би өнерін көрсетті

Елімізде тұңғыш рет арбаға таңылған спортшылар арасында олимпиада басталды. Бұл – жай жарыс емес. «Арбадағы би» спорты бойынша халықаралық турнир. Екі күндік би додасында әлемнің 8 елінен келген өнерпаздар арасында мықтыны анықтау оңайға түспесі анық.

Бұл - 33 жастағы Ардақ Отарбаев. Осыдан сегіз жыл бұрын жол апатына ұшырап, қос аяғынан айрылды. Емін-еркін жүруден қалды. Мүгедек  атанды. Жігерлі жан бұл қиындыққа мойымады. Би өнерін меңгерді.

Спорттың осы түрімен шұғылданып жүргеніне екі жыл болғанына қарамастан, халықаралық олимпиадалардан жүлделі орын алып жүр. Тіпті, Оңтүстік Кореяда өткен мүгедектер арасында «Комби» би түрінен бірінші орында тұрғандығын бүгін ғана естіген Ардақ қуанышын жасыра алмады.

Ардақ Отарбаев, байқауға қатысушы:

Хореограф сізбен бірге билеп көрейікші деп айтқан болатын. Сосын билеуге  шықтым. Былай-былай бидің түрлерін билеп көрдім. Негізінен менің икемім болды. Олардың көзқарасы бойынша, содан соң биге тартылып кеттім. Өзіме ұнады. Ең бірінші «Дәулет» спорт сарайында биледім. Содан бері билеп келе жатырмын.

Жалпы би мерекесіне әлемнің 8 елінен 33 үміткер қатысты. Бишілер ортаға шығып, дем алмастан бірден бес биді билеп шықты. Ішкі сезімін, өмірге деген құлшынысын би арқылы жеткізе білген спортшылар көрермендерді таңқалдырды. «Би олимпиадасы - мүгедек жандарға қуаныш сыйлап, олардың әлеммен қауышуына мүмкіндік береді», - дейді ұйымдастырушылар

Ерназар Бексұлтанов, ҚР Ұлттық паралимпиадалық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің сарапшысы:

Халықаралық классификаторлар алғашқы рет келіп отыр. Және де сегіз халықаралық төрешілер келді. Үлкен іс жасалынды. Ары қарай осы паралимпиадылық би дамып, арбадағы биге қызығушылық татынтады, деп ойлаймын.

Би - мүгедек жандар үшін оңалту құралы ғана емес, өнер әлеміне жасалған үлкен қадам. Ал «Kazakhstan Open – 2014» халықаралық турнирінің жеңімпаздары қазан айында Оңтүстік Кореяда өтетін байқауға қатысуға жолдама алады.

 

Ләззат БЕКТАС

Хабарламаларға жазылу