Президент «Жаңа Қазақстан» не?» деген сауалға да жауап берді. Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан – әділетті Қазақстан» деді. Бұрынғы «Нұр Отан», қазіргі «Аманаттың» 23-съезінде президент былай мәлімдеді: «Азаматтарға әлеуметтік әділдік жетіспейтінін мойындайықшы. Қарапайым халықтың мүддесі үнемі елене бермейді, кейде, тіпті әділетсіздік мемлекеттік аппарат өкілдері тарапынан да жасалып жатады. Азаматтардың мемлекеттік мекемелерге сенімсіздігі осыдан туындайды..» Әрі партия съезінде Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалықты Мәжіліс спикері Ерлан Қошановқа аманаттады. Бұл жерде маңыздысы: президент жай ғана төрағалықтан бас тартқан жоқ, партиядан түбегейлі шығып кетті. «Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, яғни саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Бұл – менің айқын ұстанымым», – деді ол.
«Кеме» аты өзгеріп, Кемелұлы кеткенде «біз де партиядан шықтық» деп, желіде жариялап жатқандар бар. Иә, «Президент партиядан шыққан соң, саяси ұйымның беделі түсіп кетпей ме?» деген сауал көптің көкейінде.
Келесі күні Мәжілістегі отырыстан соң журналистер алдына шыққан спикер әрі «Аманат» төрағасы Ерлан Қошанов «қайта бұл жағдай бәсекелестікті қыздыра түсетініне» сенім білдірді. Айтпақшы, осы съезде «Адал» «Аманат»-қа қосылды. Президент «Жаңа Қазақстан құрамыз десек, елге жанашыр қоғамдық-саяси күштердің бәрі жұмылуы керек. Бұл ретте, партиялардың өзара тіл табысып, саяси жүйені дамытуы аса маңызды», -деді.