Қазір көп мемлекет қорғанысын күшейтіп, әскери бюджетті ұлғайтып жатыр. Қазақстан да биыл күштік құрылымдар үшін қосымша 446 млрд теңге бөліп, 2 трлн теңгеден астам қаржы шығындамақ. Қалқанымыз қашан да мықты болуы тиіс. Ал геосаяси ахуал ушығып тұрған осы кезеңде, тіпті, маңызды. Бірақ, бейбіт күнде әскердегі сарбаздың қайтыс болуы қабырғаны қайыстырады.
Апта басында Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы Гвардейск әскери қалашығында маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбайдың қаза болуына байланысты оның жақындары мен туыстарына көңіл айтты.
18 жастағы жауынгер Қордай ауданындағы 30/212 әскери бөліміне 18 сәуірде барған. Ал 4 күннен соң туыстарына қаралы хабар жетеді. Таңертең сапта тұрған сарбаз есінен танып қалып, кейін Гвардейский елді мекеніндегі госпитальде көз жұмған.
Әлібек Қалбайдың денесі осы аптада Маңғыстаудағы Ақшұқыр ауылына жеткізілді. Әскерде санаулы күн ғана болған сарбаздың өліміне не себеп?
Ішкі істер министрлігінің өкілдері оның денесінен жарақаттар анықталмағанын айтқан. Ал Әлібектің туғандары мұнымен келіспей отыр.
Динара Тілесова, Әлібек Қалбайдың туысы:
12-сі күні мәжбүрлі түрде әскерге кетсін деп баланы алып кетеді. Сотталасың, болмаса 3 млн-ға айыппұл төлейсің дейді. Кешкі сағат 3-4 арасында анасына телефон соғып, асқазаныма дәріге керек деп ақша салуын сұрайды. Баланың көретін жері жоқ. Іші, бүйрегі, қолдары көгерген. Басы көгерген.
Серік Борамбаев, ҚР Қарулы күштері бас штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы:
Әскери қызметшінің қаза болуы ісі бойынша Ішкі істер министрлігінің әскери тергеу орындары жүргізіп жатыр. Олар өз қызметтері бойынша тәуелсіз және қорғаныс министрлігіне есеп бермейді. Бұл тексерістің әділ және неғұрлым обьективті жүргізілуі үшін жасалған.
Мемлекет басшысы осы оқиғаға қатысты Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға жан-жақты тексеру жүргізуді және шынайы себебін анықтауды тапсырды.
Соңғы екі айда осымен 2 сарбазды жоғалтып отырмыз. Наурызда ғана осы Жамбыл облысында Меркі ауданындағы «Андас батыр» әскери заставасынан қатардағы жауынгер Ұлықбек Бердешов жоғалып кеткен еді. Кейін оның денесі Қырғызстаннан табылған.