Ресей армиясы Донецк облысында 42 ауылды басып алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей армиясы Донецк облысында 42 ауылды басып алды

22.04.2022

Ресей Украинадағы шабуылдың мақсаты - Донбассты азат ету ғана емес, Оңтүстік Украинаны алып, Қырымға құрлықтық дәліз ашу екенін жариялады. Соңғы мәліметке қарағанда, ресейліктер ондаған елді мекенді басып алған. Есесіне талай адам жоғалтып, қираған техникасын елге қайтарып жатыр. Ал Құрама Штаттар Украина әскерін шығыстағы шайқаста қолдау үшін Киевке тағы 800 миллион доллардың қаруын жөнелтетінін хабарлады.

Ресей армиясы 42 ауылды басып алды

Ресей армиясы Донецк облысында 42 ауылды басып алды. Бірақ, Президент Владимир Зеленский мұның уақытша екенін айтып, жауланған ауылдардың қайтарылатынын мәлімдеді. Және де Ресей әскері Харковьті жартылай қоршап, оған әуеден үздіксіз соққы беріп жатыр. Сондықтан, қаладағы ғимараттар жермен-жексен болды. Дегенмен, Британ барлаушыларының айтуынша, Ресей бұл шайқаста тура Киев маңындағыдай көп адам жоғалтып, бұзылған техникасын елге қайтарып жатыр.

Жалпы алғанда, Ресей қарулы күштері өткен түні Украина аумағында 60-қа жуық әскери нысанға соққы берген.

Игорь Конашенков, Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі:

Ресей Аэроғарыш күштерінің жедел-тактикалық авиациясы Украинаның 58 әскери нысанына соққы берді. Олардың ішінде: төрт командалық пункт, үш жанармай қоймасы және адам күші мен украиналық әскери техника шоғырланған 51 аймақ бар.

Қоршаудағы Мариуполь қаладан бейбіт халық кете алмай жатыр

Ал, «Азовсталь» зауытында жүздеген украиналық сарбаз бен бейбіт тұрғын бар. Мариуполь мэрі қазір негізінен ресейлік күштердің бақылауында тұрған оңтүстік қаланы «толық эвакуациялау» туралы жаңа үндеу жариялады. Ресей екі айдан бері қоршауға алып, бомбалап жатқандықтан, мұндағы 100 мыңға жуық адамды азық-түлікпен, сумен және энергиямен қамтамасыз ету мүмкін емес. Украина президентінің сөзінше, Ресей күндердің күнінде Мариупольден бәрібір кетуге мәжбүр болады.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

Олар еліміздің оңтүстігі мен шығысында ең болмағанда қандайда бір жеңіс жариялау үшін бәрін жасап жатыр. Бұл қадамдардың ешқайсысы Ресейге көмектеспейді. Олар тек жерімізді тастап кетуге мәжбүр ететін уақытты кейінге шегерер. Соның ішінде Мариупольден де кетуге тура келеді.

Инфрақұрылымға келген шығын – 60 млрд доллар

Зеленский қираған елді қалпына келтіруге ай сайын 7 миллиард доллар қажет дейді. Ал, Әлемдік банктің дерегінше, әскери жанжалдан Украинадағы ғимараттар мен инфрақұрылымға келген зиян көлемі 60 миллиар долларға жетті.

Украинаға 800 млн доллардың қаруы жіберіледі

Тағы бір мәлімет: Батыс елдері Киевке әскери көмек беруді жалғастырып жатыр. Құрама Штаттар президенті Украина армиясын қолдау үшін бұл мемлекетке тағы 800 миллион доллардың әскери көмегін жөнелтетінін жариялады. Ол жәрдемге сәйкес, Украинаға ауыр артиллерия, оқ-дәрілер, ондаған гаубица, 144 мың снаряд, пилотсыз аппараттар жеткізіледі.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу