Бүгіннен бастап рұқсат етілмеген орындарда көлік қою полицияның қатысуынсыз автоматты түрде тіркеледі. Бұл «Дозор-М» фото-бейне технологиясымен реттеледі. Егер темір тұлпарды тұраққа дұрыс қоймаса немесе көрінген жерге қалдырса, жүргізуші айыппұл арқалайды. Тәртіптің болғаны дұрыс. Бірақ, тәртіпке бағынатын қолайлы жағдайда жасалуы керек,-деп санайды тұрғындар.
Мына көліктердің көлеңке іспетті жүретінін көпшілік біле бермейді. Қаладағы арнайы тұрақтарды аңдиды. Паркоматта ақы төлемей тұрып қалсаң, айыппұл арқалайсың.
Амантай Сұлтанов, «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС мониторинг қызметінің басшысы:
Көлік тұрақтары бағдарламаға енгізілген. Сол кеңістікке ене бергенде камера автоматты түрде қосылады. Яғни, паркоматтар орналасқан аумақты ғана видеоға түсіреді.
Бірақ, бүгіннен бастап бұларға шектеу жоқ. Шаһарды толық шолады. Қызметтік көліктерге «Дозор М» автоматтандырылған аппарат орнатылған. Қондырғы арқылы машинаның дұрыс қойылуы бақыланады. Мысалы, аялдама алдын жауып тастаса, жол жиегіне қалдырса немесе кіре берістерде кедергі келтірсе фото-бейнеге түсіп қалады. Жаяу жүргіншілер жолы да назарда болады.
Бауыржан Тоқжұманов, Нұр-сұлтан қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының бөлім басшысы:
Тоқтауға автокөлік жүргізушісінің құқы бар, тоқтап тұруға құқы жоқ. Сол себепті камера арқылы автоматты түрде әкімшілік құқықбұзушылықтарды тіркейтін жүйеге кіргізіліп рәсімделеді. Даулы істер болса қала тұрғындары қалалық полиция департаментіне немесе сотқа жүгінуге болады.
Ал, айыппұл көлемі 15 мыңнан 30 мың теңгеге дейін. Айып ақша қала бюджетіне түседі.
Жоба полицейлердің ұсынысымен іске асқан. Ал, фото-бейне шығындарды серіктестік көтереді. Компанияның коммерциялық қызығушылығы мынада. Айыппұл арқалағысы келмейтіндер, арнайы тұрақтардан ақшасына аямайды. Қос тараптың да мүддесі бар. Полиция тәртіп үшін, паркоматтар пайда үшін істейді. Бірақ, ақылы тұрақтардың қай жерде ашылатынын қала әкімдігі қадағалайды.
Нысаналы Ығыл