Түркістан облысының Келес ауданында орналасқан Жаңа тіршілік ауылы ауызсу мен көгілдір отынға зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының Келес ауданында орналасқан Жаңа тіршілік ауылы ауызсу мен көгілдір отынға зәру

21.04.2022

Түркістан облысының Келес ауданында орналасқан Жаңа тіршілік ауылы ауызсу мен көгілдір отынға зәру. Бұл аздай елдімекеннің ішкі жолдары да тас төселмей, жаңбыр жауса ми батпаққа айналады. Өркениеттен тыс қалған ауыл халқы басшылардың уәдесіне сенуден қалған. 

Жұпаркүл Жарқынбекова он бес немересін мектеп пен балабақшаға күн сайын осы батпақ жолмен апарады. Кедір-бұдыр жолдармен жаяу адам тұрмақ көліктің өзі әрең қатынайды дейді.

Жұпаркүл Жарқынбекова, Жаңа тіршілік ауылының тұрғыны:

Аяқтарына азанда кленка кигіземіз, кешке кленка кигізіп алып келеміз.Әр балаға тоғыз мыңнан аяқ киім алып береміз. Айта беріп, айта беріп әкімге де шаршадық, облысына да шаршадық.

Үш жүзге тарта түтіні бар ауылда ауыз су да тапшы. Жергілікті халық елдімекенге екі рет құбыр тартылып, су берілгенін айтады. Бірақ одан қайран болмапты. Қазір көпшілік суды сатып ішеді.

Ербол Тұрсынбаев, Жаңа тіршілік ауылының тұрғыны:

Бұл біздің ауылдың суы мынау істеп кеткен. Бұл қойылғанына әзір екі жылдың шамасы болды. Бастапқы қойған кезде бір екі сағат- бір сағат шамасында су ақты. Содан бері қарай міне су жоқ. Біз мына судың бәрі сатып ішеміз водовозға құйдырып.

Төрт түлікпен күнелтетін шалғай ауылдың іргесінен Келес өзені өтеді. Арғы жағында мал жайылады. Алайда соңғы жылдары жайылымға өту де мұңға айналған. Өйткені шабындыққа баратын екі көпір де ескіріп, құлауға шақ тұр.

Диқанбай Ізмағамбетов, Жаңа тіршілік ауылының тұрғыны:

Бұл көпірді 2008 жылы топан су басып алып кеткен. Сосын өзіміз елден, халықтан ақша жинап салғанбыз мына көпірді. Қазір аварийный жағдайда тұр. Астының барлығы опырылып, құлап жатыр.

Малмен жан бағып отырған жұрттың басқа жаққа қоныс аударғысы жоқ. Тек назардан тыс қалғандарына наразы. Округ әкімінің айтуынша елдімекенге су құбыры тартылғанымен кемшіліктер анықталған. Сондықтан оны жөндетуге құжаттар жинап жатқан көрінеді. Ал жолдарды салу үшін алдымен газ кіргенін күтіп отырмыз дейді.

Әбдіжәміл Серікбаев, Бірлік ауылдық округінің әкімі:

Бұрын Қызыләскер АГРЭС-тен тартылады деп жоба істеліген болатын. Қазіргі таңда Абай АГРЭС-тен тартылады деп жоспарлануда. Соған құжаттарын өткізіп отырмыз. Жайылымға өтетін көпірді мен барып көргенмен, деффектный актілерін дайындадық. Қаржы бөлінген жағдайда реттеп береміз көпірді.

Бірақ газ тартуға қажетті жобалық сметалық құжаттардың мерзімі өтіп, қайта жасатуға тура келген. Сондықтан нақты қашан жүзеге асатыны белгісіз. Яғни жолдың да мәселесі жуық арада шешілмейтін сыңайлы. Тек ақша бөлінсе, жыл соңына дейін әкімдік екі көшеге тас төсеп бермек.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу