Түркістан облысында жер иелері алқаптарды қазып тастаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жер иелері алқаптарды қазып тастаған

07.04.2022

Түркістан облысында ірі жер иеленушілер жалға алған 41 мың гектардан астам жерді мал жүрмесін деп қазып тастаған. Салдарынан өрісте жүрген жылқы мен қой да, сиырлар сол шұңқырларға түсіп, арам қатып жатыр. Өткен жылы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осындай жер иелерінің әрекетін қатаң сынға алып, қазылған жерлерді тез арада жабуды тапсырған еді. Алайда бұл тапсырма да мерзімінде орындалмай қалды. Айнұр Ақбаева тақырыпты зерттеп көрген еді.

Айнұр Ақбаева, тілші:

Келес ауданы бойынша 20 шаруашылық 2350 гектар жерді қазып, қоршап тастаған. Биіктігі бір жарым метрге дейін жетеді. Ауыл тұрғындары болса бұл шұңқырларға малдарының бірнеше рет түсіп, өліп жатқанын айтады.

«Жаңа тіршілік» ауылы тұрғындарының айтуынша, осы маңдағы үш ауылдың малы жайылымға өтетін жерде 166 гектар егістік алқап қазылып тасталған. Ұзындығы 11 шақырымға созылып жатыр. Ол орға жыл он екі ай мал түсіп, арам қатып жатыр екен.

Бердіқұл Мұртазаев, Жаңа тіршілік ауылының тұрғыны:

Былтырдың өзінде бес-алты мал өлді. Ал енді адамның өзі шыға алмайды ғой көріп жатырсыздар. Ол халықтың жерін қоршап алып, документ туырлап алғандар, айналдырған 5-6 малмен күн көріп отырғандар осындай теперіш көріп отыр.

Анар Беглан, Жаңа тіршілік ауылының тұрғыны:

Мына жағымызды қоршап алған, мына жағымызды қоршап алған. Мысалы біздің ауылдың мың бастай малы бар да, қара мал мен жылқымыз бар. Соның бәрі 300 гектар жер шыға ма, шықпай ма білмейміз. Өзіміздің жайылым қайда екенін білмейміз.

Ал айнала егістік алқапты жалға алған кәсіпкер жайылымға өтетін жерлерді түгел заңдастырып алғанын айтады. Тіпті үш ауылдың малына арнайы жол қалдырдым деп ақталды.

Махамбет Қожағұлов, өндірістік кооперативінің төрағасы:

Күз айларында облыстың инспекциясы келіп айыппұл салды. Айыппұлын төледік. Содан кейін қыс ауасы болды. Қазір көктемгі жағдайменен жабу жұмыстарын бастадық.

Ал аудандағы жерге жауапты мамандар жайылым мен егістіктердің айналасына ор қазып, қоршағандарға айыппұл салынғанын айтады. Десе де бұл әрекеттер де нәтижесіз болып, қазылған жерлерді толықтай жапқызу мүмкін болмаған.

Самат Тайрахунов, Келес аудандық жер қатынастары:

Айыппұл ИП-сы бар азаматтарға 30 ИРП-дан төленді. ИП-сы жоқ жеке тұлғаларға 10 МРП-дан салынған. 16 жер иесі қазір қалпына келтірген толығымен. Бақылауда ұстап отырмыз.

Төрт түлікпен тіршілік ететін Келес ауданында жайылым тапшы. Мал басына шаққанда 996 мың гектар жер жетіспейді. Ал облыс бойынша 152 елдімекенде мал жаятын жер жоқ. Салаға жауаптылар жер қыртысын бүлдіргендер тездетіп шұқырларды көміп шықпаса, жерлері мемлекетке қайтарылады деп отыр. Алайда, халықтың бұдан нәтиже болатынына сенімнен гөрі күдіктері басым.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу