Бас прокуратура қаңтар оқиғасына қатысты жаңа деректер жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бас прокуратура қаңтар оқиғасына қатысты жаңа деректер жариялады

17.04.2022

Осы аптада Бас прокуратура қаңтар оқиғасына қатысты жаңа деректер жариялады. 12 ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысы бар екені анықталды. Олардың 23 мүшесі қамауға алынған. Прокурорлар «Дикий Арман», «Қазақстандықтар» және «Айшуақ-Жантүгел» тобы ең белсендісі, - дейді. Террористерге тойтарыс бермей, жұмыс орнын тастап кеткен құқық қорғау басшылары да күдікке ілінген. Алматы, Жамбыл және Қызылорда облысындағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті және полиция департаментін, Алматы әуежайын тастап кеткені үшін осы мекеме басшылары күдікті ретінде танылған. Алматы әуежайының желілік полиция бөлім басшысы да ұсталған. Ол өзінің қызметтік міндетін орындамағаны үшін, яғни әуежайды күзетсіз қалдырғаны үшін айыпталды. Қазір жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және қатысу бойынша 547 адам күдікті деп танылған. Оның 269-ы қамауға алынды. Олардың ішінде стратегиялық нысандардың басшылары да бар. Мысалы, әуежайда 40 полицей, 60 авиациялық қауіпсіздік қызметкері және 65 шекарашы болған. Қолдарында атыс қаруы бола тұра, шабуылшыларға неліктен тойтарыс бермегені анықталып жатыр. Ал ішкі істер министрілігінің тергеуінде 1090 қылмыстық іс бар. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 165 адам қамауда отыр. 


Хабарламаларға жазылу