Шаруаларға берілетін жеңілдетілген несие көлемі артады. Көктемгі егіс жұмыстары үшін қаржыландыру сомасын 140 млрд теңгеге ұлғайту жоспарланып отыр. Өйткені, биыл кедергі көп, проблема жетеді. Диқандарға керек-жарақтың бәрі қымбаттаған. Сондықтан қосымша қолдау тетіктері қарастырылды. Жалпы биыл 23 млн гектар алқапқа егіс егіледі. Бұл әдеттегіден көп. Былтырғы жағдайдан кейін мал азығына басымдық берілгенге ұқсайды. 3,6 млн гектер алқапқа себіледі. Тұқымға қатысты мәселе де өзекті. Ресей өз өнімдерін экспорттауға тыйым салғандықтан, көп кәсіпкер тұқым жеткізе алмай қалған. Қазақстан Үкіметі көрші елмен ортақ келісімге келді.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Мәселе премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейінде көтеріліп, нәтижесінде Ресей Федерациясының Үкіметі тұқымдарды әкетуге тыйым салуды алып тастап, оларды рұқсат беру тәртібіне ауыстыру туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта, біздің ақпаратымыз бойынша, рұқсат беру тәртібі әзірленді, оны бекіту күтілуде.
Субсидиялаудың жаңа тетігін енгізу мерзімі шегерілді
Ал күзде астық өнімдерінің бағасы өседі. Мұны министр жоққа шығарған жоқ. Бірақ бағаны тұрақтандыру үшін Үкімет тарапынан шаралар қарастырылғанын айтты. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге берілетін субсидиялаудың жаңа тетігін енгізу мерзімі шегерілді. Өзгерістер келер жылдан басталады. Жұмыртқа өндірушілерге субсидия қайтадан қайтарылады. Жақын күндері қаражат беріле бастайды.
Әсима Нұрбайқызы