Қостанай облысындағы Майкөл ауылының тұрғындары шағымдарын айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысындағы Майкөл ауылының тұрғындары шағымдарын айтты

20.09.2019

Қаладан қарға адым жерде тұрса да қиындықтан көз ашпай келеді. Қостанай облысындағы Майкөл ауылының тұрғындары жайлы өмірге қолымыз жетпеді деп налиды. Қалаға жету мұң, малға жайылым тар, ауыз су жоқ. Газдандыру жұмыстары да шала жүргізілген. Ауыл халқының жылдар бойы қордаланған мәселесін шешуге жергілікті биліктің қауқары жетпей отыр.

Жағыпар Дүйсенбаевтың жасы — 93-те. Ресейден көшіп келіп, Майкөлді мекен еткеніне 24 жыл. Бала-шағасы болса да тағдырдың жазуымен қазір даңғарадай үйде жалғыз тұрып жатыр. Қария өміріне өкпе айтпайды. Әйтсе де жасы ұлғайған сайын от жағып, су тасу қиындап барады.

Жағыпар Дүйсенбаев, Майкөл ауылының тұрғыны:

 Қиындық осы от жағу, үйді жылыту. Көмірді екі мезгіл жағамын. 3-4 сағат отырасың. Шаршап, болдырасың.

Тұрғындардың айтуынша, Майкөлге көгілдір отын осыдан 20 жыл бұрын жеткізіліпті. Сол уақытта белгісіз себептермен ауыл толық қамтылмаған. Қазір 360 үйдің тек 111-і ғана табиғи газды тұтынып отыр. Тағы бір келеңсіздік — қолдағы азғантай малды бағатын жайылым тапшы. Ауылдың іргесіне дейін егін, одан қалды шұрайлы жердің бәрін жеке шаруалар иемденіп алған. Қиындық мұнымен де бітпейді.

Гүлдана Ақбергенова, Майкөл ауылының тұрғыны:

  Сосын автобус жоқ. Осы жақтан таксимен кетесің, келуің қиын. Балаларымыз қалада оқиды. Жазда онша қиын емес. Алда қыс келе жатыр. Қалай болатынын білмеймін.

Қалаға қатынасты қалыпқа келтіру үшін ауыл әкімі қазір жолаушылар тасымалдаушы кәсіпорындармен келіссөз жүргізіп жатқандарын айтады. Сонымен қатар алдағы жылы Майкөлге ауыз су тарту да жоспарда бар. Ал елді мекенді толық газдандыруға байланысты тұщымды жауап жоқ.

Талғат Сақтағанов, Майкөл ауылының әкімі:

 Газ тарту мәселесі басы ашық күйінде қалып отыр. Бұл жайдан аудан, облыс басшылары толық хабардар. Биыл 3 миллион теңгеге құжаттамасын дайындауға талпынып көріп едік. Одан нәтиже шықпады.

Сондай-ақ мал жаятын өрістің де кеңейетін түрі көрінбейді. Әкім: «Кезінде шаруашылықтарға берілген жерді дәл қазір қайтарып алуға ешкімнің құзіреті жүрмейді»,- дейді. Яғни қордаланған мәселені шешуге жергілікті биліктің пәрмені де, дәрмені де жетпей тұр.

Дәуренбек ӘБДІБЕК


Хабарламаларға жазылу