Кремль Ресей армиясы Украинаның Буча қаласында тұрғындарды айуандықпен өлтірді деген мәліметті жоққа шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кремль Ресей армиясы Украинаның Буча қаласында тұрғындарды айуандықпен өлтірді деген мәліметті жоққа шығарды

04.04.2022

Кремль Ресей армиясы Украинаның Буча қаласында тұрғындарды айуандықпен өлтірді деген мәліметті жоққа шығарды

«Біз көрген видеоматериалға көп жағдайда сенуге болмайды. Өйткені, қорғаныс министрлігінің мамандары жүргізген зерттеуге жүгінсек, онда жалғандықтың белгісі бар», - дейді Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Бұған дейін осы елдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Буча оқиғасын ойдан құрастырылған деп мәлімдеген еді.

Ондаған адам өлтірілді

Ресей әскері Киев облысынан кеткеннен кейінгі Буча қаласындағы көрініс әлем жұртшылығының жанын түршіктірді. Жергілікті әкімшіліктің хабарлауынша, мұнда 300-дей адамның мәйіті табылған. Құрбандардың кейбірі қолы артына байланып, басынан атылған. Шетелдік журналистер мен адам құқығын қорғау ұйымдары да азат етілген территорияларда бейбіт тұрғындардың өлтірілгенін хабарлап жатыр.

Украина үкіметі бұны «әскери қылмыс», «геноцид» деп атап, Халықаралық қылмыстық сотты Ресейді жазалауға шақырды. Ал, Еуропа одағы Мәскеуге жаңа санкциялар пакетін әзірлеп жатқанын мәлімдеді.

Арыстанбек Рысбек

Хабарламаларға жазылу