Түбі бір түркінің терең тарихы тұнып тұрған ұлан-ғайыр Моңғол даласын зерттеу күшейеді. Астанадағы Түркі академиясы Моңғолия ұлттық академиясымен және оның ғылыми зерттеу институттарымен әріптестік орнатып, меморандум бекітті.
Моңғолдың астанасы – Ұлан-Батырда жасалған уағдаластық аясында гуманитарлық ғылымдар саласында біріккен жобалар жүзеге асырылады. Арнайы зерттеулер жүргізу, ортақ мұраларды игеру бағытында экспедициялар жасақтау, ғылыми конференциялар ұйымдастыру мен кітаптар басу нақты жолға қойылады.
Моңғол ұлттық академиясының ресми шақыруымен барған Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі моңғолдың белгілі ғалымдарымен, тарих, археология, тіл және әдебиет институты директорларымен кездесіп, алда бірлесіп атқаратын жобаларды талқылады.
Сыры толық ашылмаған сақтардың, ғұндардың, жалпы, көшпелілер өркениеті, ортақ археологиялық ескерткіштер, көне дереккөздер, ұлыстар һәм желкілдеген ту астында бірге жортқан моңғол-түріктің ортақ тарихын бірге зерттеу де алғаш қолға алынбақ.
Батболдын Энхтүвшин, Моңғол Ұлттық ғылым академиясының президенті:
Осы уақытқа дейін Моңғолия түркітілдес елдермен экономика, гуманитарлық және туризм сынды сан түрлі салада байланыс орнатып, бірге жұмыс істеп келеді. Ал, ғылым саласына келер болсақ, шын мәнінде алғаш рет осындай салиқалы байланыс орнатып отырмыз.
Түркі академиясымен әріптестігіміздің ортақ құндылықтарымызды бірге зерттеуге үлкен мүмкіндіктер ашып, қатпарлы қалың тарихымыздың ақтаңдақтарын көптеп табуға көмегі тиеріне сенім мол. Төрт елдің басын қосатын Астанадағы халықарық ұйым - ортақ тарихты әркімнің өзінше бұра тартуына жол бермей, түгел түркіге ортақ етіп нақты әрі шынайы жазуға негіз болады деп ойлаймын.