Қызылордада 40 күннен бері жүк көліктері кеденде тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада 40 күннен бері жүк көліктері кеденде тұр

31.03.2022

Қызылордада жергілікті кәсіпкер шет елден әкелген тауарын кедендік рәсімдеуден өткізе алмай сенделіп жүр. Құзырлы органдарға қанша шағымданғанымен мәселесі шешілер емес. Өзбекстаннан жеткен жүгі бір айдан бері кедендік бақылау аумағында тұр. 

Әділбек Серікұлы, тілші:
Мына жүк көліктерінің автотұрақта тапжылмай тұрғанына 40 күннен асқан. Кедендік рәсімдеудің созбалаңға салынуынан жергілікті кәсіпкер де шет елден келген жүргізшуілер де қып-қызыл шығынға батып отыр.

Өзбекстаннан жүк тасымалдап келген жүргізушілер күнделікті көлікте түнеп, бүгінде әбден абыржыған. Тиелген тауарды кәсіпкерге жеткізіп бермейінше қызмет ақысын да толық ала алмай отыр.

Ұлықбек Юсупов, жүк көлігінің жүргізушісі:
Ертең-ертеңмен күніміз өтіп келеді. Ешқандай жауап жоқ. Күтіп-күтіп шаршадық. Біздің де бала-шағамыз бар күтіп отырған. Ақшамыз да таусылуға жақын. Не істерімізді білмейміз. 

Құзырлы орган өкілдері кедендік бақылау кезінде жүк көліктерінен текстиль тауарлары артығымен тиелгенін анықтаған. Соған сәйкес, 6 жүк көлігіне хаттама толтырылып, кәсіпкерге 29 наурызда әкімшілік айыппұл салынған.

Мұқан Қожамбай, облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты кедендік рәсімдеу орталығының басшысы: 
Бұл тауарлардың тұрған себебі сол барлық мәлімделмеген заттардың кедендік төлемдері толық төленіп, салынған айыппұлдар толық төленгеннен кейін қосымша декларация беріліп шығарылады. 

Бірақ, жергілікті кәсіпкер декларациядағы сәйкессіздік Өзбекстаннан жөнелткен тауар өндірушінің қателігінен болғанын айтады. Дегенменде оны да түзеп, барлық талаптарын орындағанымен әлі жүгін ала алмай отыр.

Ермек Сейілов, кәсіпкер:
Қойған талабын, үстемелеп қойған ақшасын оны да төлеп, бәрін төлеп қойдым. Себеп жоқ. Мына жақта Қызылорда мемлекеттік кірістер департаментіне барсам біз емес Нұр-Сұлтан қаласындағы электрондық орталық басқармасы шешеді дейді. 

Кедендік рәсімдеудегі созбалаңнан жергілікті кәсіпкер миллиондаған шығынға ұшырап отыр. Бизнесіне зиян келген азамат енді сотқа жүгінбекші.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу