Шымкентте 14 мың бала үйірмелерде тегін жаттығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте 14 мың бала үйірмелерде тегін жаттығады

26.03.2022

Шымкенттік балалар спорттың 71 түрі бойынша үйірмелерде тегін жаттығуда. Салауатты өмірге ұмтылған жеткіншектердің дені футбол, жүзу, таеквондо мен каратэ, баскетбол және бокспен шұғылданып жүр. Мемлекеттің мұндай қамқорлығы әсіресе жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар үшін үлкен демеу болды.

Ұлбосын былтыр күзден бері каратаэмен шұғылданып келеді. Аптасына үш рет таңертең ерте келіп, қатарластырымен бірге жаттығу жасайды. Шыдамдылығын шыңдап, төзімді болудың арқасында жетістіктерін көрсете бастады. Жарыстарға қатысып, жеңімпаз да болды.

Ұлбосын Рүстем, мектеп оқушысы:

– Бұл спортты таңдағаным өзіме ыңғайлы. Өз-өзімді қорғай аламын және де бойымды өсіремін, денемді шынықтырамын. Күнде жаттығу істейміз, жарыстарға қатысамыз.

Сегіз жасар Арман таэквандоның арқасында айналдырған 5-6 айда өзгеріп сала берді. Бұлшық еттері нығайып, епті әрі жылдам қимылдайтын болды. Жаттықтықтырушының үйреткенін айна қатесіз қайталап, шеберлігін арттырып келеді. Ең бастысы мақсатқа жетуді үйренді.

Арман Аманкері, мектеп оқушысы:

– Мен алдыңғыға қарағанда жақсы тебетін болдым. Аяғымды биікке көтеремін. Өз-өзімді қорғап үйрендім.

Ілкімді жобаның ата-аналар үшін тиімді жағы көп. Үйірмелерге ақша төлеп шығынданбайды. Бұған дейін әр бала үшін айына 8-10 мың теңге төлейтін. Енді бұл қаржыны баланың өзге қабілеттерін дамытуға жұмсауына болады. Гүлназ Байжанова қазір соны пайдаланып, үш бірдей перзентін үйірмеге қатыстырып келеді.

Гүлназ Байжанова, қала тұрғыны:

– Мен өзім көпбалалы ата-анамын. Сондықтан маған бұл өте қолайлы болып тұр. Баламды тегін қатыстырамын. Аптасына 3 рет болады. Өте қуанамын. Балалар да қуанышты. Күнде таңертең тез барайықшы деген құлшыныспен барады.

Шымкентте қазір балалардың спортпен айналысуына жағдай жасалған осындай 85 орталық жұмыс істеуде. Барлығында кәсіби жаттықтырушылар еңбек етеді. Жыл соңына дейін мегаполисте 14 мың баланы спортқа баулу көзделіп отыр. Ол үшін қазынадан 2,3 миллиард теңге бөлінді.

Хабарламаларға жазылу