Қызылорда облысындағы Сунақ ата ауылында су құбырының құрылысы аяқсыз қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысындағы Сунақ ата ауылында су құбырының құрылысы аяқсыз қалған

25.03.2022

Қызылорда облысындағы Сунақ ата ауылында ауызсу жүйесін жаңғырту жұмыстары аяқсыз қалып отыр. Бүгінде елдімекенде қазылған көшелердің жаңбыр жауса, ми батпағы шығып, тұрғындар жол азабын тартып келеді.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Былтыр ауыл халқы жаңа ауызсу жүйесіне қосылуы тиіс еді. Оған мемлекеттен 270 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бірақ бұл жұмыстар орта жолдан тоқтап, жоба аяқсыз қалып отыр. Тіпті қазылған құдықтар мен құбырлардың орны көмілмей, елдімекеннің астаң-кестеңі шығып жатыр.

Ауыл ішінде жүруден қалған тұрғындар су құбырларын жүргізген мердігер мекеменің жұмысты сапасыз, атүсті жасағанын айтады. Тіпті кейбір көшеде аяқ су келетін арықтарды топырақпен көміп, бітеп кеткен. Жаңадан салынған жол әр жерден қазылып, асфальт жамылғысы ойдым-ойдым күйі қалған.

Алдашбек Тұматаев, ауыл тұрғыны:

Мына көшелердің бәрін асфальттау керек. Көше тарылып кеткен. Соның бәрін кеңейту керек. Қазіргі заманда бәрі келіп тұр ғой, бірақ біз соны пайдалана алмай отырмыз.

Облыс орталығынан шалғайда жатқан елдімекенде шешімін таппаған мәселе көп. Мәселен, күл-қоқыс төгу үшін тұрғындар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізін кесіп өтуі керек. Оның машақаты көп болғандықтан, халық тұрмыстық қалдықты ауылдың іргесіне тастауға мәжбүр. Мұнан бөлек электр желілері де әбден ескірген, жел тұрса, ауыл жарықсыз қалады.

Жандос Алтайбаев, ауыл тұрғыны:

Ауылымыздың сиқы - мынау. Бағаналары - мынау. Бағаналар құрылмайды бұл ауылға. Айтып жатырмыз, ешкім қарамайды. Түбінің бәрі шіріп кеткен. Қатты жел тұрса, бәрі құлайды.

Бір топ тұрғын базынасын айтып, елдімекен әкімдігіне барды. Көптің талабымен ауылдық қоғамдық кеңестің құрамы жаңарып, белсенді жастар сайланды. Түйіні тарқамаған мәселелердің барын ауыл әкімі де жасырмайды.

Ақылмұрат Жұмділдаев, Сунақ ата ауылдық округінің әкімі:

Сымдары тозығы жеткен. Кезінде 60-70 жылдары салынған электр желілер. Биыл ауданға бағаналарды ауыстыру жөнінде қаржы қаралған. Содан шыққан жарамды дүниелерді осы ауылдарға береміз деп отыр.

Ал су құбырларының тартылмай, істің аяқсыз қалғанының себебі қаржы кеш түсті дейді аудан басшылары. Сондықтан жоба биыл жалғасын таппақ.

Ердулла Сұлтанбеков, аудан әкімінің орынбасары:

Қазіргі таңда 265 миллионға келісімге отырған. 85 пайыз құрылыс жұмысы аяқталды. 212 миллион теңге игерілді. Биылғы жылға 52 миллион теңгесі өтіп тұр. Нысан әлі қабылданған жоқ.

Сунақ ата тұрғындары ел Президентінің «Жаңа Қазақстан» құру туралы бастамасына үлкен үміт артады.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу