Қапшағай қаласының әкімі: Бұрынғы инфрақұрылым жаңартылып, жаңадан жұмыс орындары ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қапшағай қаласының әкімі: Бұрынғы инфрақұрылым жаңартылып, жаңадан жұмыс орындары ашылады

17.03.2022

Нұрсұлтан Тілектесов, тілші:

Қапшағай қаласы енді бүтін бір облыстың әкімшілік орталығы болады. Мемлекет басшысы осындай ұсыныс айтты. Бұл жаңалық халықтың көңілінен шыққаны анық. Өйткені, енді Еңбекші қазақ, Іле, Талғар аудандарының тұрғындарына маңызды мәселелерін шешу үшін 200 шақырымды артқа тастап, Талдықорғанға сабылудың қажеті болмайды.

Қапшағайлық Мая Қасымова Президент жолдауында көптің көкейіндегі түйіткілдер айтылды, - дейді. Соның бірі - Қапшағай қаласын облыс орталығына айналдыру. Бұл бастама шаһар экономикасының гүлденуіне жол ашпақ.

Мая Қасымова, Қапшағай қаласының тұрғыны:

Болашақта үлкен қала болуына үмітіміз зор. Құптаймыз. Көп нәрсе күтеміз Қапшағай қаласынан. Жұмыс орындары ашылып, артымызда өсіп келе жатқан жастардың болашағы көркейе түссе екен дейміз.

Қапшағайда жыл өткен сайын өндіріс пен құрылыс жұмыстарының көлемі өсіп, жаңа кәсіпорындар іске қосылуда. Бүгінде шаһарда 60 мыңнан астам адам тұрады. Қала әкімінің сөзінше, әкімшілік орталыққа айналу арқылы халық саны еселенбек.

Нұрлан Құматаев, Қапшағай қаласының әкімі:

Бұл бір керемет жаңалық. Енді бұрынғы инфрақұрылым жаңартылып, орнына келіп, жаңадан жұмыс орындары ашылады. Біз қазір жобалық сметалық құжаттардың бәрін дайындап қойдық. Қандай проблемалық мәселелер бар екенін жақсы білеміз. Кәріз, жылу, су жүйелерінің сметалық құжаттары дайын тұр. Жалпы біз дайынбыз.

Жергілікті тұрғындар үшін бұл тарихи оқиғамен пара-пар. Президенттің ұсынысын қуана қабылдадық, - дейді.

Қапшағайлықтар қала атауының Қонаев болып өзгеруін де құптап отыр. Олардың сөзінше, елімізде 40-тан аса қала тұрғызған Дінмұхаммед Ахметұлының есімін Ұлықтау - тарихи маңызы зор шешім.

Асау толқынды Іле өзенінің жағасына қоныс тепкен Қапшағайдың туристік әлеуеті де зор. Жергілікті тұрғындар шаһардың кемел келешегінен зор үміт күтеді. Әрі алдағы оң өзгерістердің арқасында қайтадан қайнаған тіршіліктің ортасына айналарына сенімді.

Нұрсұлтан Тілектесов


Хабарламаларға жазылу