Украинадан тағы 14 отандасымыз ұшып келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадан тағы 14 отандасымыз ұшып келді

17.03.2022

Украинадан тағы 14 азамат Қазақстанға ұшып келді. Катовице қаласынан шыққан алтыншы репатриациялық рейс кеше түнде Алматы әуежайына қонды. Толығырақ әріптесім Қуан Нұрақын айтып берсін.

Қуан Нұрақын, тілші:

Елге аман-есен оралған азаматтардың арасында кәмелетке толмаған балалар да бар. Келушілердің сөзінше, қазір Украинадағы жағдай мүшкіл. Кейбір таныстарынан электр энергиясы мен телефон жүйесі үзілгендіктен, байланыс орнату қиындаған. Бірнеше күннен бері еш хабар ала алмадық, дейді. Қақтығысты көзімен көрген олар тыныштық пен бейбітшілікке ештеңе жетпейді дейді. Дер кезінде қол ұшын созып, көмекке келген Қазақстанның Украинадағы елшілігі мен Сыртқы істер министрлігіне алғыс айтты.

Сергей Рогаткин, ҚР азаматы:

Сондай-ақ, Қазақстан Үкіметіне алғыс айтамын. Осы елдің азаматтарын дер кезінде эвакуациялады. Тамағымызды, жатын орнымызды ұйымдастырып берді. Украинадағы ахуал қазір қиын. Киевте біз тұрған үйдің тура жанына екі-үш күн бұрын бомба құлады.

Марина Шлямина, ҚР азаматы:

Ол жақтағы жағдай туралы бірнәрсе айтудың өзі ауыр...Адамдар жертөледе тұрып жатыр. Тұрғын үйлер қирап, пәтерлер бүлінді. Елдің ішерге асы қалмай барады. Қазақстанға аман-есен жеткенімізге қуанып тұрмын.

Қуан Нұрақын, тілші:

Ұшып келген азаматтарды жақындары күтіп алды.Олар Алматыға дейін төрт тәулік жол жүрген. Еске салайын, бұған дейін Украинадан барлығы 836 адам Қазақстанға келді. Олардың 690-ы отанына оралғандар.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу