Украинадан эвакуацияланған қазақстандықтар елге келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадан эвакуацияланған қазақстандықтар елге келді

01.03.2022

Украинадан эвакуацияланған қазақстандықтар алғашқы легі елге келді. 175 отандасымыз отырған борт Алматы әуежайына кеше түнде қонды. Олардың қатарында туристер, студенттер, жұмыс бабымен жүрген азаматтар бар. Елге оралған отандастастарымызды жақындарымен бірге тілшіміз Нұрсұлтан Тілектесов те қарсы алды.

Сағыныш пен сары уайым арпалысқан сәт. Бірі жарын, енді бірі ұлын, ал кейбірі ет жақынын тағатсыздана күтіп тұр. Отандастарымыз отырған борт Алматы әуежайына жергілікті уақытпен 22:35-те ұшып келді.

Нұрсұлтан Тілектесов, тілші:

Алматы әуежайына жиналғандардың қарасы қалың. Олар Ураинадан елге оралған жақындарын қарсы алып жатыр. Бүгінгі ұшақпен 175 адам ұшып келді. Олардың арасында туристер, студенттер, жұмыс бабымен жүрген азаматтармен қатар 15 бала және 6 сәби бар.

Жерлестеріміз Украинамен шекаралас орналасқан Польшаның Катовице қаласына жеткізіліп, сондағы аэропорттан Қазақстанға аттандырылды. Шекарадағы ұзын-сонар кезектің салдарынан отандастарымыз бірнеше күнге іркілді. Қорқынышқа толы күндерді басынан өткергендер елге аман-есен оралдық дейді

Жансерік Сейітмұратұлы, қала тұрғыны

Жақсы жеттік. Рақмет еліміздің басшыларына. Осының бәрін ұйымдастырған. Украинаның Умань деген қаласында болдым. Семинарға барғам. Бүгін қайтып келдік. Польшаға өзіміздің консул арқылы жеттік. 25 ақпан жолға шыққанбыз бүгінге дейін жол жүріп келеміз.

Шоқан Мұстафин, қала тұрғыны:

Қазақстанның елшілігі жақсы жұмыс істеді. Үлкен рақмет. Қонаққа барғанбыз. 4 күндей болдым сонда. Айтқан нұсқаулықтарға бағындық.

Киевтегі Қазасқтан елшілігінің мәліметінше, Украинада 2000-ға жуық отандасымыз тіркелген. Бүгінге дейін олардың 600-ден астамы елге қайтуға ниет білдіріпті.

Питер Фостер, «Air astana» әуе компаниясының президенті:

Ертең түске қарай Польшаға екінші рейсті жөнелтеміз. Катовицеде кезекте тұрған қазақстандықтар бар. Олардың барлығын елге қайтармайынша тоқтамаймыз. Украина шекарасынан өту қиындап барады. Өйткені, ондағы жағдай ушыққан. Біз жолаушыларды жинау және рейстерге қызмет көрсету шараларын жолға қойдық.

Айта кету керек, Катовицеге тағы екі ұшақ жіберіледі. Оның біреуі бүгін Атырау аэропортынан Нұр-Сұлтан уақытымен 14:00-де ұшады.

Нұрсұлтан Тілектесов


Хабарламаларға жазылу